19 Қараша 2024, 11:31
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ішкі нарықта тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Ұлттық стандарттарды әзірлеу және қабылдау, кедендік және санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев, қаржы министрі Мәди Такиев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады.
Бүгінгі күні әлемдегі кәсіпкерлік қызмет түрлерінің 70%-дан астамы белгілі бір дәрежеде «сапа инфрақұрылымымен» байланысты екені атап өтілді. Тамақ өнеркәсібінен бастап, күрделі машина жасауға дейінгі барлық салаларда қауіпсіздік пен сапа талаптары белгіленген. Сондықтан зертханалық зерттеулер мен сынақтар деңгейін үнемі арттырып отыру, институттар мен университеттердің ғылыми әлеуетін осы жұмысқа жұмылдыру маңызды. Олардың жұмысы әлемдік стандарттарға сай келетін сапалы өнім өндіруге, сыртқы нарықтарға шығуға жәрдемдесуге тиіс. Сондай-ақ өнімдері тиісті стандарттарға сай келуіне бизнестің өзі де мүдделі болуы керек.
Бұған дейін әкімшілік кедергілерді азайту үшін өнімдерді, сондай-ақ зертханалардың қызметін мемлекеттік бақылау рәсімдері оңайлатылды. Бірақ бұл керісінше әсер берді. Мысалы, энергия стансаларының жөнделуІн, өнеркәсіп объектілерінде тіпті, аттракциондардағы қауіпсіздікті бақылау талаптарының төмендеуінен осы жылдың өзінде осы салада анықталған бұзушылықтардың өсуі 70%-дан асып кетті. Сондай-ақ әкелінетін автокөлікке негізсіз берілген 6,5 мыңнан астам қауіпсіздік сертификаттарының күшін жоюға тура келді.
Премьер-министр мұндай оқиғалардың туындау мүмкіндігін болдырмау қажет екенін атап өтті.
«Біз азаматтарымызды жалған және қауіпті өнімдерден қорғауға тиіспіз. Сондықтан мемлекеттің реттеушілік функцияларын тиімді күшейтетін әрі бизнестің жауапкершілігін арттыратын кез жетті. Олар заңнамалық деңгейде де іске асырылуға тиіс. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, тиісті түзетулерді жедел түрде пысықтасын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр тиісті министрліктер мен ведомстволар жұмысының маңызды бағыттарына назар аударды. Елімізде тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында шикізат пен өнімді сәйкестендірудің халықаралық стандарттарын қолдануға, сондай-ақ Қазақстанда бар барлық каталогтарды біріктіруге бағытталған жалпы сыныптама бекітілді. Қаржы министрлігіне Тауарлардың электрондық каталогын кеңінен енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу зертханаларының әлеуетін пайдалану қажет. Ғылым министрлігі олардың бизнеспен ынтымақтастық тәсілдерін әзірлеуі керек.
Биыл Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл алаң барынша ашық болып, мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық пен халық үшін бірыңғай қол жеткізу нүктесіне айналуға тиіс. Осыған байланысты Сауда министрлігі осы ақпараттық жүйенің функционалын кеңейтуі қажет.
#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу