Үкімет отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, қолдау құралдарын қайта қарады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АӨК әлеуетін күшейту туралы тапсырмасына сәйкес машина-трактор паркін жедел жаңарту және жергілікті ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кәсіпорындарын дамыту тетігі әзірленді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп,  Қазақстанда аналогтары шығарылатын шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларына субсидия беруден бас тартуды көздейтін құжат қабылдады.

Қазіргі уақытта елімізде түрлі қуаттылықтағы және модификациядағы трактор, астық жинау және жем-шөп жинау комбайндарының 15-тен астам брендін шығаратын 8 зауыт жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық өндірушілер 113,5 млрд теңгеге 5 418 трактор, 99,1 млрд теңгеге 1 032 комбайн шығарды.

Бұған дейін импорттық және отандық техникаға берілетін субсидиялар көлеміндегі айырмашылық шетелдік өндірушілердің пайдасына болды. Мәселен, 70,2 млрд өтемақы көлемінің 28,3 млрд-ы (40,4%) жергілікті кәсіпорындарды қолдауға, 41,9 млрд-ы (59,6%) импортқа бағытталды. Аталған тәсіл қазақстандық зауыттардың өнімдерін сату көлемін азайтты. Жаңа тетік бойынша шетелдік өндірушілерді субсидиялау үлесі шашамен 6 есеге – 6,5 млрд-қа (9,3%) дейін төмендетілетін болады, бұл ретте отандық өндірушілердің үлесін 63,7 млрд-қа (90,7%) дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Осылайша, 2021 жылы «СТ ЭСЭМБЛИ» кәсіпорнында TUCANO 450 және TUCANO 580 комбайндарын құрастыру басталған кезде Claas-пен арнайы инвестициялық келісімшартқа қол қойылды. 2 жылдан кейін жергілікті өндірушілердің компоненттерін «Агромаш Холдинг» АҚ, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, «ШығысМаш Завод» АҚ, «Reimann» ЖШС жеткізе бастады. Кәсіпорында 2023 жылы 246 бірлік өздігінен жүретін техника және 158 тіркеме техника құрастырылды. Биыл тракторлар қатары жаңартылып, кеңейтілді. Зауыт іске қосылған сәттен бастап өндіріспен қамтамасыз етілген жұмыс орындарының саны 2 есеге артты – қазіргі таңда кәсіпорында 73 қызметкер жұмыс істейді.

Шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауды алып тастаудың Қазақстанда өндірісі жолға қойылмаған позицияларға, атап айтқанда қант қызылшасын, мақта өндіруге, картоп, жеміс-көкөніс т.б. жинауға мамандандырылған техникаларға қатысы жоқ. Бұл жағдайда өндіріс еліне қарамастан 25% деңгейінде субсидиялау нормативі қарастырылған.

Жалпы, қазақстандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау кәсіпорындары қазіргі таңда өздігінен жүретін техника нарықтың шамамен 80%-ын қамтиды. Бұл ретте елімізде шаруалардың шамамен 90%-ын шағын және орта фермерлер құрайды, олар үшін жеңілдікті лизингтік құралдар мен қолжетімді техника машина-трактор паркін жаңартуға мүмкіндік береді.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #АӨК #Машина жасау #Президенттің тапсырмасы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу