09 Маусым 2017, 04:00
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ресей/ТМД елдеріндегі жұмыс жөніндегі вице-президент Джонатан Спэрроу басшылық еткен америкалық «Cisco» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Cisco Systems директорлар кеңесінің төрағасы Джон Чемберспен кездесуінің нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша бірлескен жобалардың ағымдағы нәтижелері талқыланды.
Сондай-ақ, екі тарап білім беру, электронды үкімет, интеллектуалды көлік, тау-кен өндірісі технологиялары саласындағы жобалардың іске асырылу барысы мен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың биыл сәуір айында Америка Құрама Штаттарына барған жұмыс сапары аясында аталған жобалар бойынша қол қойылған келісімдерді қарады.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын «Ақылды қала», «Электронды үкімет», «Цифрлық экономика үшін ІТ білімді арттыру», «Жаңа буын шахталары», «Деректерді өңдеудің бірыңғай мемлекеттік орталығы», «Елдегі ақпараттық қауіпсіздікті басқару саласындағы индустриялық талдау жүйесі» секілді жобалармен біріктірудің нәтижесіндегі экономикалық тиімділігіне ерекше назар аударылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу