Жыл соңына дейін Қазақстанда 200 астам ХҚКО жаңғыртылатын болады - ККМ

Биылғы жылдың соңына дейін республикада 224 Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылатын болады, деп хабарлады  ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Орталық коммуникациялар қызметі Ресми өкілінің  брифингісінде.


«2011 жылы 28  Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылса, үстіміздегі жылы 187 ХҚКО жаңғыртылудан өтті. Енді жыл соңына дейін қалған 224 орталық жаңғыртылатын болады», - деді А.Жұмағалиев.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні орталықтарда  кедергісіз қызмет көрсету, бірыңғай электрондық кезек, интернет арқылы кезекке тұру   технологиялары енгізілген және басқа да көптеген бизнес-процесстер оңтайландырылған.

Асқар Жұмағалиев республикада мемлекеттік қызметтердің кеңейтілген түрлері көрсетілетін мамандандырылған орталықтар ашылатынын  жеткізді. Атап айтқанда, Қарағандыда автоәуесқойлардың қажеттіліктерімен байланысты мемлекеттік қызмет көрсететін мамандандырылған ХҚКО іске қосылған.

Ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, мамандандырылған орталықта қазірдің өзінде 31 жүргізуші куәлігі берілген, аталған жұмыс түрі әрі қарай жалғастырылуда.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу