Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары С.Жұманғарин Қатар Премьер-Министрімен инвестициялық ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылады

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қатарға жұмыс сапары аясында Қатардың Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Танимен кездесті.

«Қатар – Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі. Еліміз Дохамен екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін қолдауға және нығайтуға ниетті. Қазақстан Президенті Жоғары мәртебелі, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Таниге және бүкіл Қатар халқына ыстық ықыласпен және терең құрметпен қарайды. Мемлекеттеріміз басшылары арасындағы белсенді байланыстар соңғы жылдардағы екіжақты Қазақстан-Қатар қарым-қатынасының дәйекті дамуына ықпал етті», — Қазақстан вице-премьері.

Кездесу барысында Серік Жұманғарин инвестициялық ынтымақтастықтың басымдығын атап өтті. 2022 жылдың соңында Қазақстан экономикасына Қатар инвестициясының көлемі 3 есе өсті. Қазақстан инвестициялық серіктестікті одан әрі кеңейту үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалануға мүдделі, инвесторлар үшін түрлі салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Ірі технологиялық серіктестерді тарта отырып, дайындық үстіндегі бірлескен ірі жобалардың бірі – «Hassad Food» холдингінің Ақмола облысында астықты терең өңдеу зауытын салуы.

Қазақстан вице-премьері мен Қатар Премьер-Министрі – сыртқы істер министрі ұлттық газ компаниялары арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Серік Жұманғарин қатарлық инвесторлар мен QatarEnergy компаниясын Қашаған шикізаты негізінде газ өңдеу қондырғыларын дамытуға шақырды.

Сол күні Серік Жұманғарин Қатардың сауда және өнеркәсіп министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасым Әл Танимен екіжақты кездесу өткізіп, оның барысында Қатарға қазақстандық тауарларды жеткізу көлемін ұлғайту мүмкіндіктері мен көліктік-логистикалық шығындарды азайту туралы мәселелер жан-жақты талқыланды.

#Инвестициялар #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу