Корея Қазақстанға 2014 жылы e-үкімет жөніндегі Ғаламдық форумды өткізу құқығын берді
Корея Қазақстанға 2014 жылы электрондық үкімет жөніндегі Ғаламдық форумды өткізу құқығын берді, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі мен Корея Республикасының Қорғаныс және мемлекеттік басқару министрлігі Электрондық үкіметтің 2013 жылғы Ғаламдық форумының жұмысы барысында электрондық үкіметті дамыту саласындағы әріптестікті нығайту туралы келісті.
«Екі ел арасындағы әріптестікті нығайту туралы құжатқа қол қойылды. Аталған құжатта тараптардың Е–үкімет саласында өзара тәжірибе алмасып, білімдерімен бөлісуі, сондай-ақ семинарлар мен дөңгелек үстелдерді бірлесе ұйымдастыруы, бірлесе жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктерін зерделеу және электрондық үкімет жөніндегі Ғаламдық форумды өткізуде өзара тығыз қарым-қатынас орнату көзделген», - делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстан Республикасындағы электрондық үкімет жобасының қарқынды түрде дамуына, сондай-ақ Ақпараттық коммуникациялық технологиялар жөніндегі халықаралық рейтингіде Қазақстанның жоғары көрсеткішке ие болуына орай Біріккен Ұлттар Ұйымы Электрондық үкімет жөніндегі Ғаламдық форумды 2014 жылдың қазан айында Қазақстанда ұйымдастыру туралы шешім шығарды.
Электрондық үкіметті дамытуда жаңа әлемдік үрдістердің («smart government») пайда болуына орай Электрондық үкімет жөніндегі Ғаламдық Форумды өткізу туралы бастаманы БҰҰ көтерген болатын. Алғашқы форум 2012 жылы Сеулде өтті.
Форум биыл да Оңтүстік Корея елінде ұйымдастырылды және БҰҰ-ның қолдауымен Электрондық басқарудың теориясы мен тәжірибесі (ICEGOV) жөніндегі 7-халықаралық конференциясымен бірлестірілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз