Биыл мектеп оқушыларының 92%-ы демалыс және бос уақытын ұйымдастыру шараларымен қамтылады

15 мамыр күні Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2023-2024 оқу жылының аяқталуы және қорытындылары туралы баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте ведомствоның бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, вице-министр Еділ Оспан және вице-министр Арай Оразова баяндама жасады.

Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, 22 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім ошақтары биылғы оқу жылын аяқтауға әзірлік үстінде. Бұл ұйымдарда биылғы оқу жылында 5 млн-ан астам бала білім мен тәрбие алды. Осы жылы 341 мыңнан астам түлек 9-сыныпты аяқтайды, олар алдағы уақытта 10-сыныпты жалғастыру немесе колледжге түсу туралы шешім қабылдайтын болады. 11-сыныпты 186 мыңнан астам түлек бітіруде. Олар енді болашақ мамандықтарын таңдайды. 

«ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, мектептерде оқу мерзімі 2024 жылдың 25 мамырында аяқталады. 24 мамырда республиканың барлық мектептерінде 1-10 сыныптар оқушыларына «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Сынып сағатының мақсаты – балаларды жыл бойы алған білімінің нәтижесін қорытындылай білуге тәрбиелеу. Сондай-ақ 25 мамыр күні мектеп түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара мектеп қабырғасында өткізіледі. Салтанатты іс-шараны өткізу форматын, қатысушылар құрамын білім беру ұйымдары өздері анықтайды», — деді ведомствоның бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.  

Бастауыш сынып оқушылары мамыр айының соңғы күндерінен дәстүрлі түрде жазғы демалысқа шығады. Ал 5-11 сынып оқушыларына 27 мамырдан бастап емтихандар өткізілетін болады. Емтихандар аяқталған соң олар да жазғы демалысқа шығады.

«Биылғы жылы алғаш рет білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында 5-8, 10 сыныптар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен аралық емтихандар өткізіледі. Бүгінгі күні министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оқу жылын аяқтау жұмыстарын жүйелі негізде жалғастыруда», — деп қорытындылады баяндамасын Наталья Жұмаділдаева. 

Өз сөзінде вице-министр Еділ Оспан Оқу-ағарту министрлігі тарапынан балалардың қауіпсіздігі, тәрбиесі және жазғы демалысқа дайындық бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, балалардың құқығы мен мүддесін қорғау механизмдерін жетілдіру мақсатында Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік үшінші хаттама ратификацияланды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ұлттық заңнамаға бірқатар заңнамалық өзгерістер қабылданды. 

Атап айтқанда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке қолдау мен көмек көрсететін тәлімгерлік институты енгізілді. Жуырда қабылданған «әйелдер мен балалардың құқығын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі» заң аясында балаларға зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті күшейтетін нормалар енгізілді:  

- балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен байланысты барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін татуластырудың болмауы;

- денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру, азаптау үшін санкцияларды күшейту;

- педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру;

- балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік;

- зорлық-зомбылықты криминализациялау: ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік;

- балаға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстарды тергеу кезінде ұстау;

- қорқыту үшін жауапкершілік;

- баланы автобустан түсіруге тыйым салу;

- балалар мекемелерін лицензиялау және т.б.

«Сондай-ақ осы заң аясында психологиялық қолдау орталықтарын құру туралы әкімдіктердің өкілеттіктері айқындалды. Балалар арасындағы буллинг, кибербулинг проблемаларын шешуде психологиялық қолдау қызметтің рөлі өте зор. Осы мақсатта қазірдің өзінде еліміздің 12 өңірінде Психологиялық қолдау орталығы ашылды. Осындай орталықтар барлық өңірлерде ашылатын болады», — деп атап өтті вице-министр Еділ Оспан.

Бұдан бөлек, әрбір мектепте буллингке қарсы бағдарлама енгізу жоспарланып отыр. Халықаралық озық тәжірибеге негізделген бағдарлама пилоттық режимде 110 мектепке енгізілетін болады. Балалардың құқықтарын қорғау саласында тәуелсіз құқық қорғау институтын нығайту мақсатында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесі бекітілді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленіп, ол бүгінде 20 мың білім беру ұйымында іске асырылуда. Бағдарлама аясында барлық мектепте «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылып, ата-аналарды тәрбие процесіне тарту бойынша жұмыстар күшейтілуде. Сонымен қатар бағдарлама аясында 2,4 млн оқушыны қамтыған 22 әлеуметтік жоба іске асырылуда», — деді Еділ Оспан.

Бұдан бөлек, «домбырашылар», «шахмат ойнау», «жасыл мекен», «сергіту сәті», «әнұран айту», «асық ату» сияқты челлендждер ұйымдастырылған. Тәрбие ісінде балалар мен жасөспірімдер қозғалысының, волонтерлік ұйымдардың маңызы зор. Биыл мектептерде балалардың құқықтарын қорғау мақсатында құрылған «Менің бауырым» еріктілер қозғалысына 3 мыңнан аса волонтер қосылды. Жас еріктілер бастамасымен ұйымдастырылған «Досболlike» - достық қолыңды соз» акциясы да балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.  Жалпы елімізде «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», Жас дебатер» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалысына 2,5 млн оқушы тартылған. 

Сондай-ақ «Балалар кітапханасы» бағдарламасы әзірленіп, 1700-ден астам аталымнан тұратын көркем әдебиеттер тізімі жасақталды. Бағдарлама шеңберінде мектеп кітапханасының қорын жыл саңын 2 млн данаға ұлғайту көзделіп отыр. 2023 жылы 131 млн болса, 2024 жылы 139 млн, 2025 жылы 41 млн-ға арттыру жоспарланып отыр.

Вице-министр Еділ Оспан сонымен қатар биыл елімізде алғаш рет «Әншуақ» балар әндерін қолдау жобасы іске асырылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, республиканың әр түкпірінен әнсүйер өрендер өз орындауын әлеуметтік желілерге #әншуақ хэштегімен орналастыруда, бүгінде балалардың бейне жарияланымдары  12 млнға жуық қаралым жинады.

Бұдан бөлек, вице-министр жаз маусымына дайындықтардың ерекше бақылауда екенін айтты. Оның сөзінше, биылғы жаз маусымында мектеп оқушыларының 92%-ы демалыс және бос уақытын ұйымдастыру шараларымен қамтылады. Бүгінгі таңда 198 демалыс орталықтарының реестрі әзірленіп, олардың дайындығын қабылдау бекітілген кестеге сай жүргізілуде.  Министрлік тарапынан демалыс орталықтарының әрбір түріне қатысты бірыңғай талаптарды қамтитын әдістемелік ұсынымдар жинағы әзірленіп, әкімдіктерге жолданды. Жинақта жазғы маусымды сапалы ұйымдастыруға қажетті барлық нормативтік-құқықтық актілер қамтылған.

«Әкімдіктермен бірге демалыспен қамтылатын балалардың тізімін қалыптастыру, демалыс орталықтарының әрбір түріне қатысты бірыңғай талаптарды енгізу; республикалық және өңірлік штабтарды құру бойынша жұмыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ балалардың бос уақытын ұйымдастыру оларды еңбекпен, туристік, шығармашылық, интеллектулдық, халықаралық іс-шаралармен қамту бағытында жүргізіледі және республика көлемінде 81,1%-ы құрайды», — деп қорытындылады сөзін ол. 

Ал оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова  Мемлекет басшысының білім саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады.

Оның айтуынша, мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 2066 мектепке талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланған. Сондай-ақ Starlink технологиясы пилоттық жобасы шеңберінде 1993 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылатын болады. Бүгінгі таңда 624 (31%) мектеп Starlink жерсеріктік интернетіне қосылды. 

Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлу кезінде жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы құрылды. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілдері енгізілді: электрондық үкімет порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары және жергілікті атқарушы органдардың ресми платформалары.  Бүгінге дейін өздеріңізге белгілі, пилоттық жоба Қарағанды облысының Шахтинск қаласында, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында апробациядан өтті. Жобаға Атырау, Шымкент қалалары, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары қосылды. 2024 жылдың соңына дейін ол барлық республика бойынша таратылады.

Сондай-ақ Арай Оразова Egov Mobile мобильді қосымшасында «Білім туралы ақпарат» жаңа цифрлық құжаты іске қосылғаны туралы мәлімдеді. Бұл баланың балабақшада, мектепте немесе колледжде оқитынын  растайтын құжат. Мұнда баланың жеке деректерімен қатар  білім беру ұйымының деректері, балабақша тобы, мектеп үшін сыныбы, колледж үшін топ коды көрсетіледі. Осы орайда 2023 жылдың 27 желтоқсанынан бастап оқу орнынан қағаз түріндегі анықтамаларды талап ету және алу тоқтатылды. Әр баланың білім беру ұйымының есебінде болуын цифрлық бақылау  сыбайластық пен балабақшалардағы бала санын жалған көрсету фактілерінің алдын алады. 

«Сонымен қатар өткен жылдан бастап техникалық және кәсіптік білім туралы дипломдар цифрлық форматта Egov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді болды. Биылдан бастап негізгі және орта білім беру бойынша аттестаттарды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл оқу жылын бітіруші түлектер аттестаттарын Egov Mobile мобильді қосымшасынан ала алатынын айта кету керек»,  — деп түйіндеді оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова.

#Білім беру

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу