24 Қазан 2024, 22:26
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков өңдеу өнеркәсібінің дамуындағы негізгі нәтижелер, іске асырылып жатқан іс-шаралар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
Оның айтуынша, өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47,4% құрады. Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің оң динамикасы байқалды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4%-ға өсіп, 22 трлн теңгеге жетті. Биылғы 9 айдың нәтижесі бойынша өсім 4,8%-ды құрады. Өсімге келесі салаларда қол жеткізілді: жиһаз өнеркәсібінде 17,9%; химия өнеркәсібінде 9,5%; металлургияда 8,3%; машина жасауда 4,2%. Жыл соңына дейін өсім 5,1% деңгейінде қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
Атап айтқанда, теміржол машина жасау саласында жүк вагондарының өндірісі 6 есеге артып, 1 021 бірлікті құрады. 2024 жылға арналған жоспар – 4 000 вагон. Теміржол рельстерінің өндірісі 50%-ға артып, 180 мың тоннаны құрады.
«Біз ҚТЖ-ның рельстерге деген сұранысын басымдықпен қамтамасыз етіп, қалған бөлігін Өзбекстан, Грузия, Әзербайжан, Италия, Ұлыбританияға экспорттаймыз. Мұндағы мақсат – ТМД және Солтүстік-Оңтүстік транскаспийлік дәлізі арқылы жаңа жүк ағындарын дамытуда көлік саласымен үйлесімді жұмыс жүргізу», — деп атап өтті вице-министр.
Ал агрохимия саласында жылына 40 мың тонна аммоний сульфатын өндіру жолға қойылды. Бұл тыңайтқыш дәнді, майлы, жемшөп және көкөніс дақылдарын өсіруде қолданылады. Жаңа және қолдағы бар қуаттылықтардың арқасында аграршылардың қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілетін болады.
Машина жасау саласы бойынша тұрмыстық техниканың өндірісі 2 есеге артып, 170 мың бірлікті құрады. Оған ас үй плиталары, шаңсорғыштар, теледидарлар, пештер, кір жуғыш машиналар, ас үй ауа тазалағышы және басқа да тұрмыстық заттар кіреді. Жыл соңына дейін өндірісті 300 мың бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.
Құрылыс материалдары секторында биыл жайлы мектептер салуға қажетті өнімдермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Құрғақ қоспалар, гипс бұйымдары, қабырға блоктары, дайын бетон және басқа да өнімдермен 100%-ға қамтамасыз етілді.
«Импорт басым болып тұрған фиништік материалдардың өндірісін кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда. Мысалы, Астана, Алматы және Шымкенттегі жаңа мектептердің сыртын әрлеу материалдарына жергілікті өндірушілердің фиброцемент тақталары қолданылды», — деді Олжас Сапарбеков.
Сонымен қатар вице-министр жеңіл өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер туралы баяндады. Оның сөзінше, биылғы қыркүйекте Атырау қаласында қуаттылығы жылына 15 млн шаршы метр полиэфирлі геотекстиль өндірісі іске қосылды. Бұл өнім автожолдарды салуда, ғимараттардың іргетасын нығайтуда, дренаж жүйелерін құруда қолданылады.
Ал қара металлургия саласында арматура мен шыбықша өндірісінің рекордтық көрсеткіші тіркелді – 704 мың тонна, бұл 17,5%-ға көп. Айта кетейік, арматура бір шаршы метр тұрғын үй құнының 10%-ын құрайды. Бұдан бөлек, Саран қаласында автомобиль шиналарының өндірісі жолға қойылды.
«Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі 12,7% немесе 8,6 трлн теңге болды. Осы жылдың 8 айы бойынша сыртқы сауда көрсеткіштері, яғни, өңделген тауарлардың экспорт-импорты да оң өзгерістер көрсетуде. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 6,4%-ға өсіп, $17,8 млрд құрады. Экспортқа негізінен өнеркәсіптік сорғылар, кабельдік өнімдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, арматура бағытталды», — деді вице-министр.
Ал импорт бойынша керісінше 7,2%-ға төмендеу байқалады.
2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету механизмі жұмыс істейді. Биыл бұл механизм міндетті сипатқа ие. Нәтижесінде, 2023 жылы елімізде 59 мың тонна алюминий өңделді. 2029 жылға дейін өңдеу көлемін 163 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Мыс саласында өткен жылы 11 мың тонна өңделді, 2029 жылға қарай бұл көлемді 91 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Отандық шикізаттан терезе жақтаулары, сым, кабельдік өнімдер, өнеркәсіптік аккумуляторлар өндірілуде, сол арқылы шикізатты терең өңдеу және қосылған құнды ел ішінде сақтау қамтамасыз етілуде. Негізгі бағыттардың бірі - өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын тұрақты тапсырыстармен қамтамасыз ету. Ол үшін ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттарды жасауға қолдау көрсетілуде. Бұл кәсіпорындарға өндірістік қызметін ұзақ мерзімге жоспарлауға, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге, жаңа өнімдер мен өңдеулерді игеруге мүмкіндік береді.
Биыл ірі субъектілермен жалпы сомасы 703,5 млрд теңгеге 553 ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасалды. Атап айтқанда, қатты пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын жер қойнауын пайдаланушылар отандық өндірушілермен жалпы сомасы 133,5 млрд теңгеге 246 ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасады. «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық кәсіпорындармен жалпы сомасы 570 млрд теңгеге 307 ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасады.
Тауарлар мен өндірушілердің сәйкестігін растау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстандғы тауар өндірушілердің Бірыңғай Реестрін құру жүргізілуде, ол барлық қолданыстағы тауар өндірушілер тізілімін біріктіруге мүмкіндік береді.
«Негізгі жаңалық - өндірісті тексерудің цифрлық шешімдерін қолдану, олар өндірістік қуаттар, жұмыс орындары саны, электр энергиясын тұтыну және басқа да көрсеткіштер бойынша мемлекеттік деректер базасындағы ақпаратқа негізделген. Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық түзетулер ҚР Парламент Мәжілісінің қарауында», — деді Олжас Сапарбеков.
Бұдан бөлек, вице-министрі арнайы экономикалық және шағын өнеркәсіптік аймақтардың қызметі туралы да баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, олар 12 аймақты қамтиды.
АЭА аясында жалпы құны 8,1 трлн теңгеден асатын 372 жоба жүзеге асырылды. 27,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды, бюджетке шамамен 521,2 млрд теңге салық төленді. Тікелей шетелдік инвестициялар 730 млрд теңгені құрады. 9,4 трлн теңге өнім шығарылды, оның шамамен 688,6 млрд теңгесі экспортқа жіберілді.
Арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіру аясында:
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамыту мақсатында шағын өнеркәсіптік аймақтарды (ШӨА) құру және жұмыс істеу бағдарламасы іске қосылды. Шағын өнеркәсіптік аймақтар – барлық қажетті инфрақұрылымы дайын өндірістік ғимараттар. Құрылған ШӨА-да ШОБ субъектілері жалға алу шарттарымен, жеңілдіктермен өндірісін орналастыра алады. Жалпы ауданы шамамен 200 мың м² болатын 37 шағын өнеркәсіптік аймақ құру жоспарлануда. Жыл соңына дейін 4 өндірістік ғимарат пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар вице-министр инвестициялық жобаларды қаржылай қолдау шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күні әлеуетті өңдеу өнеркәсіптік жобаларға Қазақстан Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры және Qazaqstan Investment Corporation қолдау көрсетеді.
2022 жылдан бастап жобаларды қаржыландыруға 621,5 млрд теңге бөлінді, олар 460,4 млрд теңге сомасына 78 жобаға берілді. Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жүргізілген жұмыстың нәтижесі өнеркәсіптік жобаларды іске асыру болып табылады. Тек өңдеу өнеркәсібінде биыл жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге 180 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда, нәтижесінде 14,9 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Жыл басынан бері жалпы құны шамамен 283,1 млрд теңгені құрайтын 56 жоба енгізілді, шамамен 3,8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Қалған жобалар ҚМЖ, іске қосу, жөндеу жұмыстарын жүргізу сатысында. Оларды жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда», — деді Олжас Сапарбеков.
Бұдан бөлек, орта мерзімді перспективада жаңа өнімдерді өндіруді жолға қоюға және шығарылатын өнімдердің қуатын арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобалар бар. Атап айтқанда, тамақ өнеркәсібі үшін орамалар және алкогольсіз сусындарға арналған алюминий банкаларын өндіруді қамтамасыз ету жоспарлануда.
Құрылыс индустриясында отандық еден жабындары (ламинат), керамикалық плиткалар, алюминий радиаторлар, қаптау және жылу оқшаулау материалдарының өндірісі жолға қойылады.
Теміржол машина жасау саласында тартқыш локомотивтердің бандаждары, осьтері, тісті дөңгелектері, құрал-саймандары, тежегіш қалыптары мен теміржол құрамына арналған серіппелер өндірісі ашылады деп жоспарлануда.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу