Саясат Нұрбек Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында Шығыс Қазақстан облысына барып, өңірдің педагогтары, оқытушылары және ғалымдарымен кездесті.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысында 3 жоғары оқу орны бар, онда 900-ге жуық профессор мен оқытушы жұмыс істейді.

«Бүгін министрлік жұмысының кейбір негізгі бағыттарымен таныстырып, сұрақтарыңызды, ұсыныстарыңызды, соның ішінде міндетті түрде ескерілетін сыни пікірлеріңізді тыңдағым келеді», — деді С. Нұрбек. 

Министрдің ойынша, президент Қ. Тоқаев өңірді дамытуға басымдық береді. Мұны жергілікті өзін-өзі басқару, әкімшілік жауапкершілікті кеңейткен саяси-әкімшілік реформалар аясындағы соңғы шешімдер растап отыр. 

Экономикалық және инвестициялық саясаттың екпіні аймақтарға ауған. Осы ретте Саясат Нұрбек жоғары білім беру жүйесі де бұл трендтермен үндестік табуы керек деп санайды. 

Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртуға, олардың әлеуетін арттыруға және өңірді дамытудағы рөліне басымдық береді.

«Біздің жұмыстың салмағы өңірлерге ауып тұр деп жауапкершілікпен мәлімдеймін. Өйткені күшті университет – жергілікті экономика мен индустрияның дамуына серпін болар мықты кадр», — деді министр.

Бірінші кезекте С. Нұрбек кадрларды даярлау жүйесін жергілікті сұранысқа байланыстыру туралы сөз сөйледі. Бұл бағыт кадрлық қамтамасыз етудің озық моделі деп аталды. Оны жүзеге асырудың нақты құралы – аймақтық Кәсіптер атласын дамыту. 

Мұндағы идея өте қарапайым: өңір жоғары оқу орындарындағы кадрларды даярлау жүйесі белгілі бір облыстың экономикалық құрылымына сай болуы тиіс. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысын алайық. Өңірде түсті металлургия басты рөл атқарып тұрған өнеркәсіп саласы дамыған.

Сондай-ақ облыста құрылыс материалдары өндірісі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және туризм дамыған. Министр аталған сала мамандары жергілікті университетте дайындалып, ал мектеп түлектері облыстан тыс аймаққа кетпей, қажет білімді алып, лайықты жұмысқа орналасқанын дұрыс деп санайды.

С. Нұрбек мұны іске асыратын нақты құрал ретінде Павлодар облысының Кәсіптер атласын ұсынып отыр. Жоба аясында кешенді жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде өңірде сұранысқа ие 40 жаңа мамандық анықталды. Бұл мамандықтар бойынша колледждерде 25 жаңа оқу бағдарламасы ашылып, 15 студент білім алуды бастап кетті.

Сонымен қатар ол Жаңа Кәсіптер мен құзіреттілік атласы Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы сайлау алды платформасы болғанын атап өтті.

«Біз бұл тәжірибені жоғары білім жүйесіне, ең алдымен, өңірлік университеттерге кеңейткіміз келеді. Жұмысты ұйымдастыру және қаржыландыру мәселесі 2025 жылға дейінгі халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасына “Мамандығым – Болашағым” жобасы ретінде енді. Жобаға қатысатын 20 ЖОО тізімі дайындалды», — деді министр.

Үштік спираль деп аталатын модель аясында өңірлік жоғары оқу орындары әкімдіктер, жергілікті корпоративтік сектормен өзара тығыз іс-әрекет жасайтын болады. Мұндай байланыстың нәтижесінде әрбір өңірлік ЖОО-да жергілікті кадрлық сұранысқа сай форсайт-зерттеулер жүргізіп, жаңа Кәсіптер атласын даярлайтын жобалық кеңселер құрылады. 

Бұл жұмыстар 21 қыркүйекте Маңғыстау облысында басталды. Қараша айында еліміздің батыс өңірі толығымен қамтылмақ. Ғылым және жоғары білім министрі өңір сұранысына кадр даярлау жүйесін ұштастыру тәжірибесі өте оңды деп санайтынын жеткізді. Министрдің айтуынша, жобаны жүзеге асыра отырып, өңірлік ЖОО жергілікті аймақты дамытудың және кадр сұранысын қамтамасыз ететін тірекке айналады.

Техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының 61%-ы Алматы және Астана университеттеріне жұмсалады. Олардың экономикасының 80% үлесі – қызмет көрсету секторы. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлер экономикалық құрылымына сәйкес техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім тапсырысын 70%-ға дейін квоталау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осылайша, форсайт зерттеулер базасындағы өңірлік атластар мемлекеттік тапсырысты бөлудің маңызды құралына айналады. 

Одан кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттегі ғылымның дамуы туралы сөз қозғады.

«Әлемнің дамыған елдерінде ғылым, ең алдымен, университеттік ортада жетіледі. Университеттер бірқатар ерекше мүмкіндіктерге ие. Маңыздысы – ғылым көкжиегінің биігінде колаборация жолымен зерттеулер жүргізетін жас докторант ғалымдардың ауқымды пулы», — деді С. Нұрбек.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда ғылымды университеттік ортада ғана дамытып қоймай, оны өңір экономикасының шынайы сұранысымен тығыз байланыстыру міндеті тұр. Жергілікті жоғары оқу орындарының бұл бағытта мүмкіндіктері зор. 

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ірі өндірістік кәсіпорындар мен ғылым ұйымдар – Травматология және ортопедия ҒЗИ, ВНИИцветмет ЕМК, Қ.И. Сәтпаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының Алтай бөлімі, «Казцинк» АҚ, «Қазминералс Ақтоғай» ЖШС, «Үлбі Металлургиялық зауыты» АҚ, «Өскемен титан магний комбинаты» АҚ және т.б. ынтымақтастық жасап келеді. 

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің де жетекші А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдарының институты, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы және басқа да Ғылыми зерттеу институттары кооперативтерімен тығыз байланыста екені мәлім. 

Университет «ҮМЗ» АҚ магний фторидінен брикеттер жасау тәсілін анықтау жолында өңірдің жетекші кәсіпорындарымен бірлескен зерттеу жүргізеді. Бұдан бөлек, магний фторидін плазмохимиялық тәсілмен және «ҮМЗ» АҚ базасындағы плазмохимиялық қондырғыда бу плазмасының әсер ету жолымен қайта өңдеу бойынша эксперименттік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Металлургия саласында қолданылатын отқа төзімді магний оксиді негізінде прототиптер алынды.

Бұл кеңейтуді талап ететін жақсы кейстер. Министрдің айтуынша, бұл үшін жүйелі жағдайлар жасау қажет. Бұл салада қаржылық, кадрлық және басқа да мәселелер бар. Қазір ғылымды қаржыландыру шамамен 0,13%-ды құрайды және бұл ғалымдар арасында жиі талқыланатын мәселелердің бірі. Алайда бұл жерде мемлекеттің бір өзі ғана жағдайды түбегейлі өзгерте алмайтынын нақты түсіну керек деп санайды министр. 

«Ғылымды дамытудың ең тиімді тәсілі – тек мемлекетпен ғана емес, жеке сектормен және ірі бизнеспен де тығыз ынтымақтастық орнататын ғылымның ашық моделі. Мемлекет басшысы таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында технологиялық жаңғырту мен ғылыми әзірлемелерге бағытталған бизнес үшін салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынған кезде дәл осыны айтты. Қазір ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бастаманы іске асыру жолында ұсыныстар даярлап жатыр», — деді ол. 

Саясат Нұрбектің айтуынша, университеттік ғылымды қаржыландырудың тұрақты моделін құру стратегиясының тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – әлемнің жетекші университеттерінде ғылым мен ғылыми инфрақұрылымды тұрақты қаржыландырудың негізі саналатын эндаумент қорлары.

Бұл бағытта министрлік «Қазақстан халқына» қорымен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейді. Институционалдық инвесторларды тартып, қызметкерлерді оқытуда және басқаруда эндаумент-қорларды қолдауды, сондай-ақ салықтық ынталандыруды көздейтін бірлескен іс-шаралар жоспары қабылданды. Сондай-ақ АҚШ, Сингапур, Ресей және басқа елдердің тәжірибесі бойынша университет ғылымы мен инновацияны тұрақты қаржыландыратын «Мақсатты капитал қорлары туралы» жеке заң жобасын әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр.

Ғылым және жоғары білім министрінің айтуынша, бұл ретте кадр мәселесін де айналып өтуге болмайды. Бүгінгі таңда Қазақстан студенттерінің 90%-дан астамы бакалавриат бағдарламасы бойынша, 8-9%-ы магистратурада, тек 1%-ы PhD бағдарламасы бойынша білім алады. Яғни, отандық жоғары оқу орындарында әлеуетті ғалымдардың пулы өте шектеулі. 

«Алдағы жылдары студенттерімізді ғылыммен айналысуға ынталандыру, ғылымды жастар үшін тартымды әрі перспективалы іске айналдыруға басымдық беріледі. Мысалы, біз пилоттық режимде төрт ЖОО базасында жаңа бағалау моделін – интегралды GPA енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл әдістеме бойынша, студенттердің үлгерімін бағалауда негізгі көрсеткіштерінің бірі зерттеу жұмыстарындағы белсенділігі болуы керек», — деді министр.

Сонымен қатар жас ғалымдарды қаржылай қолдау үшін 3 қазанда «Жас ғалым» жобасы бойынша байқау басталды. Жас ғалымдарға 3 жыл ішінде ай сайын кемінде 500 мың теңге жалақы алуға мүмкіндік беретін 1 000 грант бөлінеді.

«Біз ғылыми жобаларды қаржыландыруды жылдан жылға арттырып келеміз», — деді министр. 

Қазір ғылымды дамытудың 10 басым бағыты бойынша 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға конкурс жарияланды:

1) Табиғи ресурстарды, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану, экология;

2) Геология, минералды және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар;

3) Энергетика және машина жасау;

4) Жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер;

5) Өмір және денсаулық туралы ғылым;

6) Ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар;

7) Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі;

8) Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер;

9) Білім және ғылым саласындағы зерттеулер;

10) Ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс және конкурстық құжаттамаға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

Министрдің хабарлауынша, конкурстық құжаттама және өтініш беру мәселелері бойынша Ғылым комитетіне жүгінуге болады. Өтініштер 2022 жылғы 17 қарашаға дейін қабылданады.

Одан кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының академиялық автономиясын кеңейту мәселесіне тоқталды.

«Жоғары оқу орындарына еркіндік беріп, тікелей басқарудан бас тарту керек екеніне кәміл сенемін», — деді С. Нұрбек.

Осылайша, тамыз айында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына бірқатар өзгерістер енгізілді. Ол қазақстандық жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік береді.

Мәселен, базалық және бейіндеуші пәндер блоктарының кредит санын қатаң регламенттеу алынып тасталды. Егер бұрын базалық пәндер циклі кемінде 112 кредитті, бейіндеуші пәндер 60 кредитті құраса, енді ЖОО бағыт ерекшеліктерін ескере отырып, кредиттің жалпы санын сақтай отырып, базалық және бейіндеуші пәндер блоктарының кредит санын өздері айқындайтын болады.

Енді жоғары оқу орындарына «Қазақстан тарихы» мен «Философияны» айтпағанда, кадр даярлау бағытының ерекшелігін ескеріп, жалпы білім беретін пәндер циклінің мазмұнына 50%-дан 100%-ға дейін дербес өзгерістер енгізуге мүмкіндік берілді. 

«Бейінді пәндердің үлесіне, жалпы білім беру пәндерін толығымен ысырып тастағыларыңыз келетінін түсінемін. Бұл ретте халықаралық агенттіктерде аккредиттеуден сәтті өту қажеттігін айтып, шет елдер тәжірибесінен көптеген мысалдар келтіруіңізге де болады», — деді С. Нұрбек.

Әр ел өз тарихын, тілін бағалайды. Шет тілі, ІТ-құзыреттілік – табысты мамандар үшін қажетті біліктілік. Ал философия, әлеуметтік-саяси модуль – жоғары білімі бар адамның тұлғалық болмысын қалыптастырады.

«Әріптестер, ұсынылған академиялық мүмкіндіктер аясында дайындық бағыттары бойынша жалпы білім беру пәндері бағдарламаларын біріктіруді сұраймын. Біз академиялық тәуелсіздікті одан әрі кеңейтеміз деп сенемін», — деді министр. 

Жаңа мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында микроквалификацияларды оқыту нәтижелерін мойындау көзделген. Мұнда «нано-дәрежелер», «Ұлғайтылатын дәрежелер (Stackable degree)» ұғымдары енгізіледі. Бұл азаматтардың еңбек нарығында өзекті кәсіби дағдыларды жедел игеріп, білімдегі олқылықтарын жоюға бағытталған.

Министрдің айтуынша, өңірлік жоғары оқу орындары назар аударуы тиіс тағы бір маңызды бағыт – жоғары білім беруді интернационалдандыру. Бұл бағыт Мемлекет басшысының ерекше бақылауында.

«Мұнда шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық кооперацияны дамыту өңірлік жоғары оқу орындарын жаңғыртудың, олардың бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығын арттырудың тиімді құралы болып табылатынын атап өткім келеді», — деді ғылым және жоғары білім министрі.

Министр М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің кейсын мысалға келтірді. Биыл ЖОО қыркүйек айына дейін Аризона университеті бағдарламалары бойынша базада оқу үшін 175 адамды қабылдады. Оның 45-і қос диплом бағдарламалары бойынша оқып бастады. Нәтижесінде, соңғы бес жыл ішінде СҚО мектеп түлектерінің шетелге оқуға кетуі екі есеге қысқарды. Атап айтқанда, СҚО-дағы Аризона университетіне еліміздің алты өңірінен студенттер қабылданды.

Сол сияқты, Алтай мемлекеттік университеті, Новосібір мемлекеттік университеті, Томск мемлекеттік педагогикалық университетімен қос диплом бағдарламасы бойынша білім беру бағдарламалары ұлғаюының арқасында ШҚО-дан жастар ағымын 2019 жылғы 2000 адамнан 2022 жылы 880-ге дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Бүгінгі таңда геосаяси оқиғалар нәтижесінде қазақстандық ЖОО алдында шетелдік студенттерді тарту бойынша жақсы мүмкіндіктер туды. ШҚО Ресей, Моңғолия және Қытай сияқты елдердің түйіскен жерінде орналасқан.

С. Нұрбектің айтуынша, АҚШ, Ұлыбритания, Австралия елдерінде жергілікті жоғары оқу орындары табысының 25%-ы шетелдік студенттерден келеді. Бүгінгі таңда облыстағы шетелдік студенттердің саны 2 100-ден асады. Халықаралық студенттер контингентін ұлғайту үшін жағдай жасау қажет. Мысалы, Германиядағы және ҚХР-дағы ҚР елшіліктерімен бірлесіп Berlin Technical University және University of Science and technology of China-мен келіссөз мүмкіндіктері талқыланып жатыр. Министр бұл жобалардың Шығыс Қазақстан облысындағы әріптестеріне қызықты болатынына сенімді.

Әрі қарай Саясат Нұрбек білім берудің гибридті форматтарын дамыту туралы сөз қозғады.

«Бұл асыра сілтеу емес, уақыт талабы және өмір сүру шарттары. Жоғары білім беру жүйесін цифрландыруға ерекше көңіл бөлу керек. COVID-19 дағдарысы кезінде цифрлық және онлайн оқыту форматтары университеттің күнделікті өмірінде “қалыпты жағдайға” айналды», — деді министр.

Осыған байланысты ҒЖБМ құрылымында цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін вице-министр лауазымы пайда болды. Сондай-ақ жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау стратегиясын үйлестіру үшін біз әрбір ЖОО-да цифрлық офицер лауазымын енгізуді жоспарланып отыр.

«Министрлікке барлық жоғары оқу орындарымен жедел іс-әрекет жасауға, деректерді бірыңғай форматта тиімді жинақтауға мүмкіндік беретін толыққанды цифрлық экожүйені қалыптастыруға кірістік», — деді С. Нұрбек.

Шығыс Қазақстан облысының демографиялық ахуалын талдау көрсеткендей, 2025 жылға қарай жастар саны 25%-ға өссе, бұл колледж бен ЖОО-да білім алушылар санын арттырады. Демек, жатақханалар мен оқу ғимараттарындағы орындардың санын көбейту қажеттілігі туындайды.

«Біз өңірлік жоғары оқу орындарына, МЖӘ тетігін дамыту арқылы жаңа инфрақұрылым құрылысына жәрдемдесетін боламыз. Алайда бұл мәселені тек инфрақұрылым құрылысы арқылы шешу мүмкін емес, виртуалды құралдарды белсенді түрде қосу қажет», — деді ғылым және жоғары білім министрі.

Министрлік осы бағытта шетелдік серіктестермен белсенді жұмыс жүргізуде. Уағдаластық аясында Қазақстанға Coursera for campus тарту, студенттерге әлемнің жетекші университеттерінің онлайн курстарына қолжетімділікті ашу, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарын осы платформада өз курстарын орналастыруға ынталандыру сияқты іс-шаралар пысықталуда.

«Болашақта студенттерге игерілген онлайн курстар мен пәндердің кредиттерін есептеуге мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Яғни, студент белгілі шетелдік профессордың онлайн курсын өз бетінше аяқтап, ол үшін диплом алу кезінде міндетті түрде ескерілетін кредиттер ала алады», — деді ол.

Министрдің айтуынша, Huawei компаниясымен ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Қытайлық әріптестермен бірлесіп, Ақпараттық–коммуникациялық технологиялар академиясын ашуға уағдаластық жасалды. Бұл Қазақстанда цифрлық білім мен құзыреттілікті ілгерілетуге бағытталған өте маңызды жоба. Сондай-ақ Huawei АКТ саласында 5 000 студентті тегін оқытып, халықаралық деңгейде мойындалған сертификаттар беріледі деген келісім бар.

«Мен ШҚО-дағы әріптестерімізді осы мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға шақырып, министрлік цифрлық саладағы бастамаларды қолдауға дайын екенін еске саламын», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу