Үкімет «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын мақұлдады

2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы ағымдағы жағдайды және халықаралық тәжірибені талдаудан бастап оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына дейінгі 7 бөлімді қамтиды. Бұл туралы ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Экологиялық кодекс нормаларына сәйкес, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдар алдына қойылған негізгі мақсаттар мен міндеттер – қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру, білім берудің барлық деңгейінде экологиялық білімді насихаттау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында экологиялық білім мен ағартуды дамыту.

«Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, белгіленген тәртіппен 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Құжатты Үкімет биыл 15 қазанда мақұлдады, құжат бекіту сатысында тұр. Тұжырымдама бойынша жұмыстар «Ашық НҚА» порталында орналастырудан басталды, бұл бүкіл қоғамды жария талқылау процесіне барынша тартуға мүмкіндік берді», — деп баяндады вице-министр. 

Оның айтуынша, тұжырымдаманың негізі – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің жоғары деңгейін қалыптастыру, экологиялық білім мен тәжірибені дамыту, сондай-ақ экологиялық саясатты тиімді іске асыру. Бұл кешенді шешімдер мен халықтың барлық тобының белсенді қатысуын талап етеді.  

Азаматтардың саналылығы мен жауапкершілігі, экологиялық ақпараттың қолжетімділігі және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескеру – тұжырымдаманың негізгі принциптеріне жатады. Бұл принциптер ұсынылған барлық шараның негізін қалайды.  

Тұжырымдама ағымдағы жағдайды және халықаралық тәжірибені талдаудан бастап оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына дейінгі 7 бөлімнен тұрады. Бұл тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен тәсілдерін құрылымдық тұрғыдан анықтауға мүмкіндік берді.

Елімізде экологиялық мәдениетті дамыту шаралары 2024-2029 жылдар кезеңінде мынадай басты бағыттар бойынша іске асырылады:  

  • экологиялық ойлау және мінез-құлық, соның ішінде ынталандыру және оларды көтермелеу шаралары;   

  • экологиялық білім;  

  • экологиялық білім және ақпараттық насихат.  

Әрбір бағыт бойынша тұжырымдаманы іске асыру жөнінде қабылданатын шаралардың тиімділігін мониторингілеуге және қажет болған жағдайда оларды түзетуге мүмкіндік беретін тиісті индикаторлар айқындалды.

Бірінші бағытты іске асыру шеңберінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және қайта өңдеу үшін инфрақұрылым қалыптастырылады. 2025–2027 жылдар кезеңінде қалдықтардың көму көлемін қысқартуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік беретін қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобалары іске асырылады. 

Көшелер мен аулалардың, қоғамдық кеңістіктің және жалпы қоршаған ортаның жай-күйіне бақылауды ұйымдастыру кезінде цифрландыру, тәртіп бұзушылардың бет бейнесін анықтауға және одан әрі әкімшілік шаралар қолдануға дейінгі бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктері пайдаланылады. Сонымен қатар азаматтар мен кәсіпорындар тарапынан экологиялық құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында тіркеуге арналған камералар саны көбейтілмек.  

Атмосфералық ауаны бақылаудың автоматтандырылған бекеттері желісін кеңейту көзделуде. Бұл тұрғындарға ауаның жай-күйі туралы ақпаратты  онлайн режим арқылы жедел алуға мүмкіндік береді.

Ірі елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін цифрландыру және автоматтандыру олардың тиімділігі мен сенімділігін арттырады. Жергілікті атқарушы органдар тұтыну шығынын неғұрлым дәлірек бақылау және ресурстарды үнемдеуді ынталандыру үшін заманауи су есептегіштерін орнататын болады.

Мемлекеттік құрылымдар, бизнес ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және білім беру мекемелері сияқты түрлі қатысушыларды тарту тиімді ақпарат алмасу және азаматтардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуы үшін платформа жасайды.

Экологиялық мәдениетті жақсарту мақсатында экологиялық жауапкершілікті насихаттауға ықпал етушілер мен блогерлер тартылады.

Велосипед көлігі инфрақұрылымын және электромобилдерге арналған электр зарядтау стансаларын ашу ауаның ластану деңгейін төмендетуге көмектеседі. «Велосипед күні» атты іс-шара ұйымдастыру және экофестивальдар өткізу халықты экологиялық бастамаларға тартуға ықпал етеді.

 Жұртшылықпен бірлесіп, олардың қоршаған орта үшін маңыздылығын көрсету мақсатында су айдындарының экожүйелерін сақтауға арналған форумдар өткізіледі. 

Халық көп жиналатын орындарда қайта өңделген шикізат үшін бонустар есептелген экобокстар мен фандоматтар орнату қалдықтарға жауапкершілікпен қарауға ынталандырады. 

Қалалар мен ірі елді мекендерде заманауи суару жүйелері мен су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, жасыл желектерді отырғызу жұмыстары белсенді жүргізіледі.

Егілген жасыл желектердің тұқымдық құрамы және ормандардың ағымдағы жай-күйі, көгалдандыру жоспарлары және жүргізіліп жатқан күтім-баптау жұмыстары туралы деректерді қамтитын бірыңғай ақпараттық жүйе әзірлеу және енгізу көзделген. 

Халықты және кәсіпорындарды ресурстарды ұқыпты пайдалануға ынталандыру үшін бірқатар іс-шара қабылданады. Кәсіпорындар ресурстарды ұтымды пайдалану туралы есептерді (ESG) жариялауға ынталандырылады. «Үлгілі ауыл» және «Таза аула – таза қала/аудан» байқауларын қоса алғанда, халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру мақсатында конкурстар мен іс-шаралар, сондай-ақ экологиялық бастамалар мен ғылыми әзірлемелер үшін оқытушылар мен студенттерді марапаттау жоспарланған.

Екінші бағытта қазіргі және болашақ ұрпақ үшін орнықты әрі қауіпсіз орта құру, сондай-ақ экология саласындағы кәсіби дағдылар мен құзыреттерді дамыту мақсатында азаматтар арасында экологиялық жауапты мінез-құлық қалыптастыруға және экологиялық білім деңгейін арттыруға кешенді көзқарас енгізіледі.

Халықтың барлық жас санатында экологиялық дүниетаным мен мәдениетті қалыптастыру бойынша шаралар қабылданды. Табиғатты жауапкершілікпен пайдалануға, қоршаған ортаны қорғауға және балаларға арналған экологиялық қауіпсіздікке бағдарланған ғылыми және тәжірибелік білім жүйесін әзірлеу қарастырылған.

2024–2029 жылдар аралығында «Жасыл балабақша» бағыты бойынша 622 мектепке дейінгі ұйым құру, оқушылар арасында сынып сағаттарын, экологиялық жобалар байқауларын өткізу жоспарланып отыр.

Оқытушылардың біліктілігі арттырылып, заманауи жетістіктерді ескере отырып, білім беру бағдарламалары жаңартылады, экологиялық қауіпсіздікке жауапты басшылар мен мамандарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру шаралары ұйымдастырылады. Экология саласындағы білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттарға сәйкес жаңартылады, бұл экологиялық мәселелерді тиімді шешуге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Университеттер аумағында Community Gardens көкөніс, жеміс-жидек және аскөк өсіруге арналған қоғамдық бақтар құрылады, олар студенттердің экология, органикалық егіншілік және ауыл шаруашылығы негіздері бойынша тәжірибелік оқу алаңына айналады, сондай-ақ олардың ұжымдық еңбек пен қоршаған ортаға жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жоғары оқу орындарында қоғамдық көліктерді, велосипедтерді және жаяу серуендеуді ынталандыру үшін Green Transportation Initiatives бастамасын енгізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар аясында жол жүруге жеңілдіктер беріледі, велосипед жолдары мен экологиялық таза көлікке арналған тұрақтар құрылады. Аталған шаралар университет студенттері мен қызметкерлерінің көміртегі ізін азайтуға, сондай-ақ экологиялық қауіпсіз қозғалыс тәсілдерін насихаттауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшілер үшін экология және тұрақты даму бойынша біліктілікті арттыру курстарын енгізу көзделіп отыр. Бұл курстар мемлекеттік қызметшілердің экология саласындағы білімін тереңдетуге және құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған.  

Ұсынылған шаралар мен бастамалар экологиялық білім беру мәселелеріне кешенді қарауға, әртүрлі халық топтарының экологиялық хабардарлығы мен жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ қазіргі заманғы экологиялық қиындықтарды шешуге қабілетті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. 

Үшінші бағыт азаматтардың экологиялық қызметке қатысуын арттыру және олардың экологиялық дүниетанымын, сондай-ақ қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға арналған шаралар кешенін қамтиды. 

Іс-шаралар экологиялық ағартушылықтың әртүрлі аспектілерін қамтиды, ақпараттық қолдаудан бастап кең ауқымды акциялар мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға дейін. Мұндай шаралар экологиялық жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға тұрақты негіз жасап, осы маңызды іске халықтың барлық топтарын тартуға ықпал етеді. 

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана экологиялық бастама емес, қалалар мен ауылдарды абаттандыру, сондай-ақ экологиялық сананы дамыту бойынша қоғамның күш-жігерін біріктіруге бағытталған маңызды әлеуметтік-саяси жоба.  

Қоршаған ортаны тазалау және экологиялық акцияларға саналы қатысу адамдарды өз әдеттерін қайта қарауға ынталандырады – қоқысты жиі сұрыптауға, қалдықтарды утилизациялауға, пластик қолданудан бас тартуға және табиғи ресурстарды үнемдеуге үйретеді. Мұндай акциялар арқылы экологиялық ағартушылық күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатын экологиялық жауапты мінез-құлықтың негізін қалайды. 

«”Жасыл мектеп” жобасын енгізу көзделуде, бұл жоба шеңберінде тәжірибелік сабақтар өткізуге арналған демонстрациялық алаңдар, сондай-ақ су мен энергияны үнемдеу және басқа да ресурстарды сақтаудың технологияларымен таныстыру қарастырылған. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда “Жасыл офис” құру жоспарланып отыр. Желтоқсан айында жергілікті атқарушы органдар белгіленген мақсаттар, міндеттер мен индикаторларды ескере отырып, өңірлік ерекшеліктер мен кешенді тәсілдер негізінде тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарларды бекітеді», — деді спикер.

Оның айтуынша, өңірлік жоспарлар негізінде тұжырымдама аясындағы барлық іс-шараларды жариялау жөніндегі медиа-жоспарлар анықталады. 

Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін халықтың хабардарлығын арттыру қажет. Оның түпкі мақсаты – бүкіл қоғамда заманауи экологиялық менталитетті қалыптастыру және экологиялық мәдениеті жоғары ұлтқа айналу. 

Халықты экологиялық іс-шаралар мен науқандар туралы ақпараттандыру әртүрлі медиа-коммуникация арналары арқылы жүзеге асырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер экологиялық іс-шараларды жариялау, жетістіктер мен өзекті мәселелерді талқылау үшін белсенді қолданылады. 

Әлеуметтік желілерде беттер мен топтар құру, экологтар, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен онлайн-вебинарлар мен стримдер өткізу, ақпараттық инфографика, бейнероликтер мен подкасттар дайындап тарату кең аудиторияны ақпараттандыру мен тартуға ықпал етеді. 

Қоршаған ортаны ластау мен экологиялық құқықбұзушылықтарға төзбеушілік таныту мәдениетін қалыптастыру ақпараттық науқандар арқылы жүзеге асырылады. Бұл науқандар экологияға келтірілетін зардаптарды халыққа жеткізуді көздейді. 

Мемлекеттік органдар мен ұйымдар табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ағартушылық және дәрістер, семинарлар, қоғамдық талқылаулар және тағы басқа да ақпараттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізеді. 

Экологиялық білімді насихаттау және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында экологиялық роликтер мен фильмдер әзірлеу және шығару жұмыстары жалғасады. Бұған қоса, экологияға арналған театр қойылымдары мен көркем көрмелерді қамтитын мәдени іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамның гаджеттерді кеңінен пайдалануы мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты халықтың қоғамда жайлы өмір сүруіне қатысты барлық салалар бойынша өтініштерін қабылдайтын жаңа қызмет түрі – @TazaQazBot Telegram-чат-боты әзірленіп, 5 шілдеден бастап іске қосылды. 

Процесс барынша жеңілдетілген: қолданушыға авторизациядан өту, мәселенің фотосуретін, мекенжайын көрсету және қажет болған жағдайда мәселе бойынша түсініктеме беру жеткілікті. 

Барлық ақпарат өтініш түрінде жергілікті атқарушы органның операторына түседі. Оператор өтінішті жіктеп, орындаушыны анықтайды. 

Өтініш санатына байланысты орындаушыға тапсырманы орындау мерзімі автоматты түрде белгіленеді. Жұмыс аяқталған соң орындаушы орындалған жұмыстың фотосуретін және қажет болса, тиісті түсініктемелерді қосады. 

Қолданушыларға ыңғайлы болу және жауапты орындаушыларды анықтау үшін барлық мәселелер 17 санатқа бөлінген, мысалы: саябақтар мен аллеяларды тазалау, жолдарды (трассаларды), аумақтарды абаттандыру, көше жарығы, құрылыс және тұрмыстық қоқыстарды шығару, аула алаңдары, кіреберістердің санитарлық жағдайы, ғимараттардың қасбеттері, ашық люктер, көгалдандыру, су қоймаларын тазалау және т.б. 

Кері байланыс ретінде өтініш берушіге орындаушының тағайындалғаны және жұмыс аяқталғаны туралы хабарлама келеді, сондай-ақ жергілікті атқарушы органға баға беру мүмкіндігі қарастырылған. 

Чат-бот іске қосылған сәттен бастап 6000-нан астам өтініш түсті. 

«Слайдта көрсетілген мәліметтерден өңірлік белсенділікті, өтініштердің қаралу және орындалу фактілік жағдайын талдауға болады. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың өз міндеттерін орындау тиімділігін және азаматтардың өтініштеріне уақытылы жауап беруін бағалайтын рейтинг қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты министрлік @TazaQazBot ақпараттық платформасын белсенді түрде қолдануға шақырады. Бұл платформа күнделікті мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге ықпал етеді», — деп атап өтті экология және табиғи ресурстар вице-министрі.

 Сөз соңында Жомарт Әлиев Экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өзектілігін атап өтті. Осыған орай, Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан:

«Негізгі міндеттердің бірі – экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды дамыту.

“Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясы – уақытша науқан емес, осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады.

Басқаша айтқанда, қоршаған ортаның тазалығына қамқорлық жасау әркім үшін күнделікті нормаға айналуы керек. Біздің ұлттың көптеген жақсы қасиеттері бар. Мысалы, шетелде бізді қонақжай және мейірімді халық ретінде біледі. Тазалық пен тәртіпке ұмтылу біздің ұлттық мінезіміздің ажырамас ерекшелігі болуы қажет» деген өрелі пікірін еске салды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу