Топыраққа арналған отандық тұрақтандырғыштарды пайдалану арқылы жол сапасын жақсарту бойынша зерттеу жұмыстары басталды

«Суперасфальт» технологиясының америкалық әзірлеушілері және «ҚазжолҒЗИ» АҚ ғалымдары озық шешімдер енгізу мәселесін талқылады.

Елімізде «ҚазжолҒЗИ» АҚ «Суперасфальт» технологиясын енгізу мақсатында ұлттық стандарттар әзірлеуді жалғастырып келеді. Осыған орай, отандық ғалымдар аталған технологияны әзірлеушілердің бірі, профессор Хуссейн Бахия және Honeywell (АҚШ) компаниясы өкілдерімен кездесті. Ынтымақтастық аясында жолдардың ұзақмерзімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған озық технологияны еліміздің жолдарына бейімдеу мүмкіндіктері талқыланды.

Америкалық сарапшылармен ынтымақтастық әдістемелік және ғылыми-практикалық деңгейде жүзеге асырылып, жөндеуаралық мерзімдерді ұлғайтуға және пайдалану шығындарын азайтуға бағытталған.

«”Суперасфальт” әдістемесін еліміздің автожол жобаларына кезең-кезеңімен енгізу бойынша 2025–2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Бұл әдістеме АҚШ, Ресей және басқа да елдерде сәтті жүзеге асырылған. Оның бірінші кезеңі — ұлттық стандарттар әзірлеу. Қазіргі уақытта “ҚазжолҒЗИ” “Суперасфальт” технологиясын енгізу үшін қажетті үш негізгі ұлттық стандарт әзірлеуді аяқтауда. Келесі жылы пилоттық жоба аясында жаңа стандарттар бойынша алғашқы асфальтбетон жамылғылары төселеді», — деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.

Алдағы жылдары пилоттық жобаларға ғылыми-техникалық қолдау көрсету және тәжірибелік учаскелерді бақылау жүзеге асырылады. Нәтижесінде, «Суперасфальт» технологиясының тиімділігіне баға беріліп, жаңа стандарттарға көшу туралы шешім қабылданады.

Әдістеме белгілі бір аймақтардағы битумды байланыстырушы материалдардың пайдалану жағдайларын, сондай-ақ көлік жүктемелері мен қозғалыс қарқынын ескереді. Бұл стандарттарды енгізу ел инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болады, жолдардың қызмет ету мерзімін айтарлықтай арттырып, оларды күтіп ұстауға кететін шығындарды азайтады деп күтілуде.

Әлемнің 120-дан астам елінде табысты қолданылып келе жатқан «Суперасфальт» технологиясы климаттық жағдайларға және қарқынды трафикке төзімділігі жоғары жол жабындарын жобалауға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн. Бұл – бес климаттық аймағы бар Қазақстан үшін аса өзекті мәселе.

«ҚазжолҒЗИ» және «Қазжолинновация» ЖШС ғалымдары жол негізін қайта құру кезінде алюминий өндірісінде жанама өнім саналатын боксит шламы қолданылған «Павлодар – Семей – Қалбатау» және «Омбы – Майқапшағай» автожолдарының тәжірибелік телімдерінде материалдарды іріктеу арқылы оларға тексеру жүргізді.

Зертханалық зерттеулер бұл телімдердегі жол құрылымының негізінен іріктелген сынамалардың 2-3 есеге берік екенін көрсетті. «Павлодар – Семей – Қалбатау» автожолының эксперименттік телімі 7 жыл бұрын, ал «Омбы – Майқапшағай» автожолының эксперименттік телімі 20 жыл бұрын салынғанын айта кету керек.

Ғалымдар Қазақстанда автожол жобаларында қолдануға болатын ірі көлемді техногендік қалдықтардың миллиардтаған қоры бар екенін және оны қолдануға қажетті барлық нормативтік базаның да – ҚР СТ 781-2004, МЕМСТ 32826-2014 және басқа құжаттардың жеткілікті екенін атап өтуде.

Отандық ғалымдар пікірінше, бұл тәжірибені қолданысқа енгізу қажет.

«Техногендік қалдықтардан тұтқырғыштар өндіру технологиясын кеңінен қолдану жол-құрылыс жұмыстарына жұмсалатын шығындарды үнемдеу жағына қарай қайта қарауға және жолдарды салу қарқынын жеделдетуге, ал бұл өз кезегінде жылына кемінде 3-5 мың шақырым жаңа жолдарды салуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті «ҚазЖолҒЗИ» АҚ Ғылым басқармасының басшысы, техника ғылымдарының кандидаты Қайрат Мұхамбетқалиев.

Сонымен қатар бүгінгі таңда «ҚазЖолҒЗИ» ғалымдары техногендік қалдықтар негізінде автокөлік жолдарының өздігінен тығыздалатын бетон қоспаларына арналған құрамдарын, асфальтбетонға арналған инновациялық минералды ұнтақ құрамын, асфальтбетон және цементбетон жамылғыларына арналған қоспаларды және басқа да материалдарды әзірлеу жұмыстарын аяқтауда.

Батыс-Қазақстан және Ақтөбе облыстарында топырақты талдау және жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасына енгізілген тұрақтандырғыштарды сынау жұмыстары басталды. Тексеруден өтіп, «сары» және «жасыл» мәртебеге ие болған отандық әзірлемелерге ерекше назар аударылады, бұл олардың сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін растайды.

«Қазақстан сортаңдардан бастап құмды саздақтарға дейін төрт топырақты-географиялық аймаққа бөлінеді. Топырақтың барлық түрінде және түрлі климаттық жағдайларда бірдей тиімді жұмыс істейтін әмбебап өнім жоқ. Әр аймақ тұрақтандырғыштарды таңдауда әр түрлі тәсілді қажет етеді. Материалдарды іріктеудегі қателіктер жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін төмендетіп, жол сапасын едәуір нашарлатуы мүмкін», — деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ Жаңа технологиялар басқармасының жетекші инженері Әсемгүл Нығметова.

Зерттеулер Батыс-Қазақстан және Ақтөбе облыстарында басталды, онда жергілікті атқарушы органдар автокөлік жолдарының сапасын жақсарту үшін ғылыми-техникалық сүйемелдеуге қызығушылық білдіріп, «ҚазжолҒЗИ» АҚ ғалымдарымен тиісті меморандумға қол қойды. «ҚазжолҒЗИ» мамандары ең тиімді шешімдерді таңдау үшін әрбір климаттық аймақ бойынша материалдарға егжей-тегжейлі тестілеу жүргізеді. Зерттеу нәтижелері бойынша мердігер ұйымдарға топырақ түріне және климаттық жағдайларға байланысты топырақ тұрақтандырғыштарын оңтайлы пайдалану бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Бұл бүкіл ел бойынша жол негіздерінің сапасын жақсартуға және жолдардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу