02 Сәуір 2024, 19:26
2 сәуір күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқынының ағымдағы жағдайы қаралды. Тақырып бойынша экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация министрлері, ТЖ жөніндегі вице-министр және өңірлердің әкімдері баяндама жасады. Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Бауыржан Сыздықов Министрлік су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастырып жатқанын айтты. Алғашқы сағатта-ақ ТЖМ бөлімшелерінің, әкімдіктердің, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық ұланның, ҚР ҰҚК-нің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Өзара іс-қимыл жедел әрі үйлесімді жүзеге асырылады. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның жазық аумағындағы барлық өзен алаптарында ылғал қорының көлемі азайғанын айтты. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, су тасқыны жағдайын бағалау үшін тәулік бойы ахуалдық орталық жұмыс істейді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз кезегінде су тасқыны кезеңінің басында республикалық меншіктегі 94 су қоймасында тасқын суларды жинау және оларды өткізу үшін бос сыйымдылықтар құрылғанын айтты.
Премьер-Министр қорғаныс министріне ТЖМ-ге техникалық көмек және жеке құрам түрінде барлық қажетті қолдауды көрсетуді тапсырды. Үкімет басшысы биыл мұндай апат су тасқыны бұрын-соңды болмаған жерлерде де орын алып жатқанын айтты. Үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатыр. Олжас Бектенов зардап шеккендердің ешқайсысы мемлекет тарапынан көмексіз қалмайтынын атап өтті. Үкімет басшысы отырыс қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында еліміздегі моноқалаларды дамыту мәселесі қаралды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров өз сөзінде бүгінгі таңда моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру және басқа да бағыттарда 23 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын баяндады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгені құрады. Моноқалаларда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлер субъектілерінің саны бір жылда 92,3 мыңнан 100 мыңға дейін өсті.
ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев моноқалалардың экономикасына инвестиция тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Мәселен, биыл құны 100 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Үкімет отырысында моноқалалардың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту барысы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады. Степногорск ЖЭО жөндеу-қалпына келтіру және Балқаш жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстары іске асыру сатысында тұр. Сондай-ақ Степногорск, Риддер, Теміртау, Шахтинск, Рудный, Екібастұз және Кентау қалаларында 28 қазандық пен 11 турбинаны жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. 11 моноқаланы газбен қамту бойынша жұмыс жалғасуда, бұл келешекте 600 мыңға жуық адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов моноқалалардағы жайлы өмірді қамтамасыз ету мәселелерінде әкімдіктер инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына ерекше назар аударуы қажет екенін айтты. Сонымен қатар инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу және білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігіне назар аудару қажет. Моноқалаларды дамыту бойынша сараланған тәсілді қамтамасыз ету мақсатында Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу