10 Мамыр 2024, 19:25
10 мамыр күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындылары және алдағы кезеңге дайындық мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары бірқатар облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15-мамырға дейін бекіту қажет. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15-қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15-қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек. Өнеркәсіп, Энергетика министрліктері мен өңір әкімдіктеріне барлық жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру керек. Сондай-ақ әлеуметтік блок министрліктеріне мамандар тапшылығы бар жылу және электр энергетикасы саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдері егіс науқанының барысы туралы баяндады. 2024 жылдың болжамды егіс алаңы 23,8 млн га құрайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары биыл қысқарады, алайда майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қазақстанның кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1,5 млн га жерге егілді. Ал жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады.
Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Әкімдіктер тыңайтқыштар мен жеңілдікті дизель отынын жөнелтуді жеделдетуі қажет. Фитосанитариялық жағдай бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, шегірткелердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыру және өңдеу жұмыстарын бақылауға алу тапсырылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу