13 Тамыз 2024, 15:58
13 тамызда Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, қаржы министрі Мәди Такиев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов ағымдағы жағдай мен іске асырылып жатқан шаралар туралы баяндады. Шағын және орта бизнес субъектілерін мысалға ала отырып, сатып алуға қатысудың басым құқығы есебінен өндіріс өсуінің оң серпіні көрсетілді.
Премьер-Министр Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге сараптап, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің артық каталогтарын жоюды тапсырды. Сондай-ақ Өнеркәсіп министрлігіне мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеуі тиіс.
Сондай-ақ Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі бойынша мұнай-газ саласындағы мемлекеттік сатып алу саласын реттеуге назар аударды.
Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерін сатып алу ережелеріне қазақстандық өндірушілерді қорғауға бағытталған өзгерістер енгізілді. Құжат елішілік құндылықты дамыту бағдарламасын енгізуді көздейді және есептілік нысандары арқылы мемлекеттік сатып алу нәтижелерінің сандық және сапалық көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы энергетика министрлігіне қыркүйек айының соңына дейін ірі мұнай-газ компаниялары мен қазақстандық өндірушілер арасында ұзақтығы 5 жылдан асатын ұзақ мерзімді келісімшарттардың кепілді жасалуын қамтамасыз ете отырып, тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов фармацевтика саласын дамыту және қазақстандық өндірушілерді қолдау бойынша бірқатар міндеттерді белгіледі.
Отандық фармацевтикалық өнім өндіру көлемі 95 млрд теңгеге жетеді. Ең көп таралған ауруларды емдеуге арналған 283 препарат кіретін негізгі дәрілік заттар тізбесіндегі 107 дәрі-дәрмек Қазақстан аумағында өндіріледі.
Үкімет басшысы еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін фармацевтика саласын тұрақты әрі сапалы дамытудың маңызын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу