ҚР Үкіметінің отырысы, 18.06.2024

18 маусымда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы интернет пен мобилді байланыс сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ төрағасы Бағдат Мусин, бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

  • Қазақстан халқын сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өткен жылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданды. Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елді мекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді.

  • Қазір интернетті пайдаланатын ел халқының үлесі дамыған елдер деңгейінде тұр. 2020 жылға қарағанда трафиктің өсуі 61,5%-ға, абоненттер саны 12,9%-ға өсті. Speedtest Ookla деректеріне сәйкес, Қазақстан орташа интернет жылдамдығымен әлемде 66-орында (43,6 Мбит/с). Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерде байланыстың қолжетімділігі мәселесі қаралды. Мәселен, бүгінде 6 290 ауылдың 2 606-на оптикалық желі тартылды, мобилді интернет 4 866 елді мекен тұрғындарына қолжетімді. Қолданыстағы салық жеңілдіктері шеңберінде 2023 жылы 1161 ауыл 4G технологиясына қосылған. 

  • Үкімет басшысы жылдам интернет – цифрландырудың негізі, ал байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екенін атап өтті. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі қажеттігі, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобилді интернеттің маңыздылығы атап өтілді.

  • Сондай-ақ Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды. Шомылу маусымы кезінде алдын алу шаралары туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов есеп берді, сондай-ақ ішкі істер, оқу-ағарту және көлік министрлері баяндама жасады.

  • Премьер-Министр өңірлердің әкімдіктеріне судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі алдын алу шараларын күшейтуді, оның ішінде жүргізіліп жатқан патрульдеу шарансын арттыруды тапсырды. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жағдайды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қабылдау да маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың арқасында құрбан болғандар саны 6%-ға қысқарды.

  • Ірі су айдындарынан басқа арықтар мен суару каналдары да қауіп төндіретініне айрықша назар аударды Үкімет басшысы Олжас Бектенов. Балалардың қайтыс болу жағдайлары негізінен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркеледі. Премьер-Министр әкімдіктерге қоршаулар орнату арқылы инженерлік құрылыстарды абаттандыру мәселесін шешуді тапсырды. Сонымен қатар қалалық субұрқақтардың қауіпсіздігін тексеру маңызды.

  • Шағын көлемді кемелерді пайдалануды бақылау бойынша қатаң шаралар қабылдануы тиіс. Ақауы бар су көлігін пайдалану көбінесе қайғылы жағдайға әкеледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда 19 мыңнан астам кеме тіркелген, оның 90%-дан астамы өздігінен жүретін кемелер.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу