23 Сәуір 2024, 18:00
23 сәуір күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
ҚР Үкіметінің отырысында төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов өңірлердегі ағымдағы су тасқыны жағдайы және елді мекендерді су тасқынынан қорғау шаралары туралы айтты. Қазіргі уақытта Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынын жою жұмыстары жалғасуда. Еліміздің батысында Ириклин су қоймасынан (Ресей) Жайық өзеніне су құйылуына байланысты жағдай күрделене түсті. Республиканың солтүстігінде су Ақмола облысынан келеді. Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде 5 мыңнан астам тұрғын үй, 18 мыңнан астам саяжай мен 1 мың аула аумағы, сондай-ақ 91 ғимарат су астында қалып отыр.
Үкімет басшысы Министрлер кабинетінің назарын су тасқыны кезінде зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу жұмыстарына аударды. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 АЕК мөлшерінде төлем алды. Үкімет қаулысымен зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу ережесіне түзетулер бекітілді. 100 айлық есептік көрсеткішке тағы 150 АЕК-ке дейін өтемақы төленетін болады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің шығындары өтеледі.
Төтенше жағдайлар министрлігіне әкімдіктермен бірге су тасқынына байланысты жағдайға бақылауды күшейтуді жалғастыру және қажет болған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халықты көшіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Экология министрлігі су объектілері мен өзендерде гидробекеттер санын ұлғайтуы қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша жергілікті жерлердегі барлық жұмыстарды үйлестіру үшін жедел топ құру тапсырылды.
ҚР Үкіметінің отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй құрылысын дамыту және проблемалық жобаларды аяқтау шаралары туралы айтты. Министрдің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселесін жедел шешу үшін қосымша механизмдер әзірленген. ҚР ӨҚМ мәліметінше, жалпы соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Барлық қаржыландыру көздерін ескере отырып, 695 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 2030 жылға қарай барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 111 млн шаршы метрді қамтитын тұрғын үй құрылысы жоспарлануда, бұл 1 млн-нан астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Премьер-Министр Олжас Бектенов жартыжылдықтың соңына дейін кезекке қоюды ашық әрі бәріне түсінікті етіп жасауды тапсырды. Сондай-ақ тізімге енгізілген адамдарға нақты мониторинг жүргізілуі тиіс. Жаңа тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу жылжымайтын мүлікке сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Өнеркәсіп және Сауда министрліктеріне Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бір ай мерзімде жылжымайтын мүлік және құрылыс материалдары нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Олжас Бектенов назар аударған маңызды мәселе – салынып жатқан құрылыстың сапасы. Жалға берілген тұрғын үйге қоныстанғаннан кейін кездесетін мәселелерді құрылыс салушылар шешуі керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде заңсыз құрылыс жүргізгені үшін құрылыс компаниялары мен лауазымды тұлғаларға ықпал ету шараларын қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлесін. Оларды Құрылыс кодексінің жобасына енгізу қажет
Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ұзаққа созылған құрылыс мәселесін шешу және тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беру үшін құрылыстың заңдылығына тиімді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Елімізде 39 барынша проблемалық нысан бар. Олар бойынша алданған үлескерлер жылдар бойы соттасып келеді. 340-қа жуық тұрғын үй кешені заңсыз салынуда және ұзақ мерзімді құрылыс санатына түсу қаупі бар. Өнеркәсіп министрлігі өңірлермен бірлесіп, 1 маусымға дейінгі мерзімде салынып жатқан барлық объектілерге құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуі қажет. Оның қорытындысы бойынша бір айдың ішінде осыған дейін қабылданған Проблемалық объектілерді аяқтау жөніндегі жол картасын өзектендіру керек. Ең бастысы барлық үйлерді мерзімінде тапсыру үшін қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу