ҚР Үкіметінің отырысы, 25.06.2024

25 маусымда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Электр стансаларындағы жұмыстардың барысы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, жылу желілерін реконструкциялау жағдайы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Өңірлердегі жағдай туралы бірқатар облыс әкімдері есеп берді.

  • Биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1 энергия блогын, 6 қазандықты және 9 турбинаны жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта басқа нысандардағы жұмыстар әртүрлі кезеңдерде жүргізілуде. Сондай-ақ жылыту маусымына дайындық аясында 20,8 мың шақырымға жуық электр желісін, 423 жоғары вольтты қосалқы стансаларды әртүрлі жөндеу түрлерімен қамту жоспарлануда. Жылу желілерін реконструкциялау 541 км коммуникация желісін қамтиды, бүгінгі таңда дайындық деңгейі 23% құрайды.

  • Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен желілеріне жөндеу жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне бақылауды күшейту, барлық жылу-электр орталықтары мен қазандықтарды 1 қыркүйекке дейін отынмен қамтамасыз ету тапсырылды.

  • 15 қыркүйекке дейін орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның жаңа жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету қажет.

  • Сондай-ақ Үкімет отырысы барысында елімізде тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды. Мемлекет басшысының биыл 1 млн-ға жуық қазақстандықты жұмысқа орналастыру жөніндегі міндетінің орындалуы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.

  • Бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту карталарына сәйкес 2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінгі таңда 353 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, бұл жалпы көрсеткіштің 37%-ын құрайды. Оның ішінде 148 мыңы – жастар. Осылайша, жыл басынан бері мемлекет субсидиялайтын орындарға 137 мың жұмыссыз адам жұмысқа орналастырылды. 97 мыңнан астам азамат Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 103 мыңнан астам адам жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған бос жұмыс орындарына, ал 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар аясында іске асырылып жатқан бағдарламаларға жіберілуде.

  • Үкімет басшысы өзекті проблемаларды шешу мақсатында өткен жылы «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілгенін атап өтті. Қабылданған құжат шеңберінде, әсіресе, жас мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру көзделген. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектердің 25%-ға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жаңа жұмыс күші қажет барлық жобаларды қадағалай отырып, жұмыс берушілермен жұмыспен қамтудың цифрлық мониторингі арқылы өзара іс-қимылды жолға қою маңызды. 

  • Отырыс барысында қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу