ҚР Үкіметінің отырысы, 27.08.2024

27 тамызда Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «2025-2027 жылдарға арналған ҚР Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары мақұлданды.

  • Аталған мәселе бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов және қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады.

  • Үкімет басшысы Олжас Бектенов республикалық бюджеттің параметрлерін айқындау кезінде ең басты міндет мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты Үкіметтің алдағы уақыттағы іс-қимылдары міндеттемелерді, активтерді және тұтастай алғанда мемлекеттің барлық ақша ағындарын шоғырландырумен байланысты болады. Ұлттық экономика, қаржы министрліктеріне Үкімет Аппаратымен бірлесіп заң жобалары мен Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ҚР Парламентіне енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды.

  • Сондай-ақ Үкімет отырысында ғалымдардың қатысуымен еліміздегі атом энергетикасын дамыту перспективалары қаралды. Аталған мәселе бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ Бас директоры Тимур Жантикин, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев баяндама жасады. 

  • Мәселені талқылау қорытындысы бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Республикалық референдум өткізу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы туралы» Үкімет қаулысының жобасын қарауға енгізуге ұсыныс жасады. Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беру жүргізілді. Ұсынылған Үкімет қаулысының жобасы бірауыздан қолдау тапты. Энергетика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп Президент Әкімшілігіне Жарлық жобасын енгізу тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу