Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №41

2022 жылғы 24-30 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары.

  • 28 қазанда Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев ТМД Үкімет басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан Премьер-Министрі Ә. Смайылов, Әзербайжан Премьер-Министрі А. Асадов, Беларусь Премьер-Министрі Р. Головченко, Тәжікстанның Үкімет басшысы К. Расулзода, Өзбекстан Министрлер кабинетінің төрағасы А. Арипов, Ресей Премьер-Министрі М. Мишустин, Қырғызстанның Үкімет басшысы А. Жапаров, Армения Премьер-Министрі М. Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Х. Гельдымурадов, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы С. Лебедев қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде экономикалық әріптестікті кеңейту үшін жағдай жасаудың маңызды екенін атап өтті, сондай-ақ Астанада өтіп жатқан ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы Достастық алдында тұрған міндеттерді шешуге өзінің практикалық үлесін қосатынына сенім білдірді.

  • Жұма, 28 қазанда, Астанада ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтті. Биыл Қазақстан Достастыққа төрағалық етті. ҚР Премьер-Министрінің айтуынша, Қазақстанның төрағалығы аясында барлық басым бағыттардағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша нақты жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар Отырысқа қатысушылар 2023 жылы Беларусь Республикасында II ТМД елдерінің ойындарын өткізу және Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ескерту және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді қабылдау мәселелерін талқылады. Шара қорытындысы бойынша делегация басшылары бірқатар құжаттарға қол қойылды.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев Астанада өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі. Әлихан Смайылов отырыстың пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет жүзбе-жүз өткенін және Қазақстанның ТМД-ға төрағалық етуінің қорытынды іс-шарасы болғанын атап өтті. ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысын 2023 жылы маусымда Сочи қаласында өткізу туралы шешім қабылданды. 

  • ТМД Үкімет басшылары кеңесінің Астанадағы кезекті отырысы қарсаңында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченкомен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығындағы өзара іс-қимыл және Беларусьте Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу мәселелерін талқылады. 

  • Сол күні Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Кездесуде өзара сауда әлеуетін кеңейту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік-транзит секторындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі шаралар, сондай-ақ су ресурстары саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

  • 26 қазанда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасарлары Жамшид Ходжаевпен және Журабек Мырзамахмудовпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Әлихан Смайылов Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда-экономикалық әріптесі болып табылатынын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы шамамен 33%-ға өсті. Биыл да оң динамика сақталып отыр.

  • Бейсенбі, 27 қазанда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі жанындағы Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Күш-жігерді жекелеген бағыттарға, атап айтқанда, азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру үшін MedTech; экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамыту үшін AgriTech; «жасыл» технологияларды, энергияны тиімді пайдалану мен үнемдеуді дамыту үшін GreenTech жаңа технологияларын енгізу бағыттарына шоғырландыру ұсынылып отыр.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу