06 Қараша 2022, 09:50
2022 жылғы 31 қазан – 6 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары
5 қарашада ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 ж. маусымда өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданған бірқатар маңызды заңдарға жария түрде қол қою рәсіміне қатысты.
Сейсенбі күні, 1 қарашада, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы қаралып, бекітілді. Сондай-ақ Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары мақұлданды.
Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов бейнеконференцбайланыс режимінде өткен Шанхай Ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты. Үкімет басшысы өз сөзінде Ұйымның қызметін одан әрі жетілдіруді жалғастыру, сондай-ақ сауда кедергілерін жоюға және техникалық регламенттерді жақындастыруға көп көңіл бөлу керек екенін атап өтті.
31 қазанда Үкімет басшысы елімізге жұмыс сапарымен келген Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесті. Тараптар өзара тауар айналымын кеңейту, жаңартылатын энергия көздері мен логистикалық инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық әріптестік мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша әңгіме өрбітті.
Сәрсенбі күні, 2 қарашада, ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталовпен кездесті. Кездесу барысында бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту және жаңа коммерциялық жобаларды іске қосу мен дамытуға жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Бейсенбі, 3 қарашада Үкімет басшысы орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов тиісті мемлекеттік органдарға бағаның ең көп өсуі байқалатын тауар позициялары бойынша нақты шаралар қабылдау, сондай-ақ әкімдіктерде және Сауда және интеграция министрлігінде осы бағытқа жетекшілік ететін лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
3 қарашада, Премьер-Министр Әлихан Смайылов бизнес мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңесте бизнестің проблемалық мәселелерін шешу, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын негізсіз талаптарды қайта қарау және қысқарту жөніндегі жұмыс барысы қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша Ә. Смайылов мемлекеттік органдардың жұмысындағы мәселелер бойынша нақты кесте құруды және жыл соңына дейін олардың Ұлттық палатамен бірлесіп қаралуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ 4 қарашада, Премьер-Министр Ә. Смайыловтың төрағалығымен машина жасауды дамыту жөніндегі кеңес өтті. Кеңеске мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен салалық кәсіпорындардың басшылары қатысты. Кеңес барысында Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын және Вагон жасауды дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеу, сондай-ақ жергілікті қамтуды дамыту және әлеуметтік үшжақты әріптестік жөніндегі салалық комиссияның жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр барлық айтылған мәселелер бақылауға алынатынын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу