15 Қазан 2024, 16:45
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде вегетациялық кезеңнің өту қорытындылары туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев баяндама жасады.
Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты облыста тәлімі егіншілік дамығанын, ауыл шаруашылығы дақылдары 5,5 млн гектар алқапта өсірілетінін айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының өндірілетін өнім көлемін арттыру жөнінде тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
«Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру шеңберінде биыл дәнді дақылдар алқаптары 100 мың гектарға, 4 млн 376 мың гектардан 4 млн 266 мың гектарға дейін азайды. Тиісінше, жоғары өнімді дақылдар үлесі артты – майлы дақылдар 691 мың гектарға дейін өсті, бұл өткен жылдың деңгейінен 30 мың гектарға артық, дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 160 мың гектарға дейін жеткізілді, өткен жылға қарағанда 47 мың гектарға көп», — деді спикер.
Облыста дәстүрлі суару үшін негізінен өзендер алқаптарындағы су пайдаланылады. Биыл су үнемдеу технологиялары қолданылған жалпы жер көлемі 6,7 мың гектарды құрады.
Облыс әкімінің айтуынша, өңір бойынша 2024 жылы барлығы 5,4 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Осы мақсатта биыл жалпы ауданы 4080 гектар болатын 6 жоба іске асырылуда. Оның ішінде егістік маусымы басталғанға дейін енгізілген 530 гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдары су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы өсірілді.
«Іске асырылып жатқан жобалардың бір бөлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне несие беру шеңберінде қаражат бөлуді көздейді. Барлығы 5 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде биыл тамыз айында тек 3 млрд теңге түсті. 2026 жылға дейін 8,7 мың гектар алқапта суармалы егіншіліктің 14 жобасын іске асыру жоспарланған. Инвестициялардың жалпы сомасы 14,9 млрд теңгені құрайды. Іске асыру үшін жоспарланған суару жобаларының барлығы заманауи су үнемдеу жүйелерін қолдануды көздейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Үкімет міндеттеген жоспарлар орындалуда», — деп түйіндеді сөзін Құмар Ақсақалов.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың мәлімдейінше, биылғы жоспар бойынша су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқапты 7,1 мың гектарға арттыру көзделген. 9 айдың қорытындысы бойынша өсім 13%, 0,93 мың гектарды құрады.
«Су шаруашылығы және ирригация министрлігі тарапынан облыстың су ресурстарындағы әлеуетін ескере отырып, аталған көрсеткішке жеткізілді. Алайда, көрсеткішті анықтау кезінде облыстағы егістік алқаптарының (таяз таулы жазықтар) күрделі рельефі, сондай-ақ 50 мың гектардан астам суармалы жердің “Қазсушар” кәсіпорнының күрделі жөндеуді қажет ететін, апатты жағдайдағы нысандарына қосылғаны ескерілмеген», — деді өңір әкімі.
Оның мәлімдеуінше, жоспарды орындау үшін өңірде келесідей жұмыстар атқарылған:
1. Су шаруашылығы және ирригация министрлігімен бірлесіп, көлемі 44 мың гектар болатын 3 су қоймасын жөндеу көзделген;
2. Жаңбырлатып суару қондырғыларын өндіру бойынша «ERTIS BEREKE OSKEMEN» ЖШС құрылды. Қондырғылардың алғашқы үлгілері Ұлан ауданындағы 185 гектар суармалы екі шаруашылыққа орнатылды.
3. Облыста тамшылатып суару алғаш рет Зайсан ауданындағы 470 гектарға қолданыла бастады. Бұл ретте, тамшылатып немесе жаңбырлатып суару жабдықтарына жұмсалған шығындардың 30%-ын жергілікті бюджет өтейді.
«Өңір дихандары қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, аз шығынды қажет ететін түрлі су үнемдеу әдістерін қолданады, жалпы қорытындылау кезінде Министрлік тарапынан – топырақты аудару арқылы терең қопсыту, жоңышқалық ауыспалы егіс әдісін пайдалану, арықпен суару технологиясының оңтайлы әдістерін сақтау және т.б. ескерілмейді. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің егістік жер бедерінің ерекшелігін, апаттық жағдайдағы нысандарды жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдерін және суару инфрақұрылымын салуды ескере отырып, Шығыс Қазақстан облысы бойынша жоспарды түзету мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын», — деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта инфрақұрылымды салу үлкен қаржылық ресурстарды қажет ететіндіктен фермерлер шығындарды көтере алмайды. Бұған дейін «Бәйтерекпен» бірлесіп, Агроаймақтарды құру туралы айтылған болатын.
#Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу