27 Тамыз 2024, 19:09
ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткізілген брифингке энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «Қазақстандық атом электр станциялары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков қатысты.
Энергетика министрі мен сарапшылар журналистерге әлемдік тәжірибеге сәйкес АЭС салу мен пайдалану кезінде қолданылатын көп деңгейлі бақылау тетігі туралы айтып берді. Қазақстанда осы мәселе бойынша оң шешім қабылданған жағдайда, барлық процестер қоғам үшін де, тексеруші институттар үшін де ашық болатыны атап өтілді.
Энергетика министрлігі басшысының мәліметінше, кез келген ядролық объект жобалаудың, құрылыстың және пайдаланудың барлық кезеңдерінде халықаралық ұйымдардың, оның ішінде МАГАТЭ, Атом энергиясын пайдаланушылар қауымдастығы, Атом өнеркәсібінің Еуропалық қауымдастығының тұрақты бақылауында болады. Ұйымдар құрылыстың кез келген кезеңінде нысанға кедергісіз келіп, араласа алады, бұл барлық ықтимал тәуекелдерді барынша азайтады.
Өз кезегінде сарапшылар Қазақстанда отын қалдықтарын сақтау технологиясы игерілгені туралы журналистерді хабардар етті, бұл ретте бүгінгі таңда отандық ғалымдар оларды қайта өңдеуден өткізу жолдарын әзірлеп жатқаны айтылды.
Сондай-ақ брифингте ядролық индустрия үшін кадр даярлау мәселелері көтерілді, АЭС-тің тұтынушыларға арналған тарифтерге әсер ету перспективалары талқыланды.
БАҚ өкілдерін көмір генерациясының болашағы қызықтырды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев оларға Қазақстан әзірге көмірден толық бас тартпайтынын жеткізді. Бұл жердегі әңгіме энергия теңгеріміндегі үлесті азайтуға қатысты.
#Брифинг«Қазір көмірдің үлесі 70%-ға жуық, ол 2035 жылға қарай 30%-дан азаяды. Көмір стансаларының қалдықтары барынша утилизацияланады. Сонымен қатар ең заманауи сүзгілерді орнату арқылы күл-қож қалдықтарының шығарындыларын азайту бойынша үлкен жұмыс жоспарланып отыр. Күкірт, азот шығарындылары да толығымен жойылады. Біз қазірдің өзінде көмірқышқыл газын ұстау және сақтау жүйелерін енгізу жұмысын бастадық. Қалған стансалар қайта жабдықталады. Ол үшін Қазақстанда тиісті заң қабылданды», — деді Алмасадам Сәтқалиев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу