Ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту және ШОБ қолдау — 2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы

Ақмола облысында 2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отыр. Өңір өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымды құру бойынша басты жобаларды одан әрі іске асырып жатыр. 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы негізгі көрсеткіштер туралы шолу материалынан оқыңыздар.

Мәселен, өңірде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2022 жылдың 4 айында 430,6 млрд теңгені құрады, НКИ – 2021 жылғы деңгейге қарағанда 109,6%. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 90,8 млрд теңгені құрады, НКИ – 2021 жылғы деңгейге қарағанда 101,2%. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 49,9 мың бірлікті құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 6,3%-ға жоғары.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасын іске асыруға 2022 жылы 5 млрд теңге бағытталды, оның ішінде субсидиялауға – 3,6 млрд теңге, кредиттерге кепілдік беруге – 347,2 млн теңге, гранттық қаржыландыруға – 139 млн теңге, өндірістік инфрақұрылымды жүргізуге – 991,6 млн теңге.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 30,9%-ға артып, 143 млрд теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 17,9 млрд теңгеге дейін немесе 2021 жылғы көрсеткішке қарағанда 137,5%-ға өсті. 201 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыссыздық деңгейі (2022 жылғы 1 тоқсанда) – 4,8%. Жастар арасындағы жұмыссыздық (15-28 жас аралығында) – 2,9%. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – экономикалық белсенді халықтың 25,7%-ы (105,8 мың адам).

2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында орташа айлық номиналды жалақы 225 мың теңгені құрады, бұл 2021 жылғы деңгейден 22%-ға жоғары. Тұтыну бағаларының индексі 107,4%-ды, оның ішінде азық-түлік тауарларына 111,5%-ды құрады. 

2022 жылға арналған облыс бюджеті 418,3 млрд теңгені құрады (республикалық бюджеттен трансферттер мен субвенциялар – 66,4%).

12 мектеп салу жобалары жүзеге асырылып жатыр: Аршалы ауданында, Біржан сал ауданында, Сандықтау, Целиноград аудандарында, Степногорск, Қосшы, Көкшетау қалаларында, 6 балабақша: Целиноград ауданында, Қосшы және Көкшетау қалаларында, мектептерге 2 қосымша құрылыс: Ақкөл ауданында және Көкшетау қаласында. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту – 85,1%.

Денсаулық сақтау саласында Қосшы қаласында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емхана және Целиноград ауданының Қоянды ауылында 50 адам қабылдайтын Алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы жалғасуда, Атбасар ауданының Сочинское ауылында медициналық пункт және Новосельское ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын бастау көзделген.


Ауыл шаруашылығы өңір шаруашылығының негізгі саласы ретінде 

2021 жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көлемі 46,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде мына бағыттар бойынша:

  • өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға – 15,1 млрд теңге; 
  • мал шаруашылығын дамытуды қолдауға – 10,6 млрд теңге;
  • инвестициялық салымдар мен қайта өңдеуді субсидиялауға – 15,2 млрд теңге;
  • қаржылық сауықтыру және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін өтеуге – 5,8 млрд тг. 

2021 жылы субсидиялаумен облыстың 2 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымы қамтылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тапты, АӨК саласын мемлекеттік қолдауға бөлінген қаражат 48,1 млрд теңгені құрайды.

2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңірдің 500-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 17 млрд теңгеге жуық субсидия алды.

«Кең Дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіруге 2021 жылы 18 млрд теңгеге 268 АШТӨ, 2022 жылдың 4 айында 20,2 млрд теңгеге 240 АШТӨ қаржыландырылды.

«Көкше» ӘКК» АҚ кепілдігімен «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы форвардтық сатып алу шеңберінде 2021 жылы 10,9 млрд теңгеге 94 АШТӨ, 2022 жылдың 4 айында 18,3 млрд теңгеге 142 АШТӨ қаржыландырылды.

Ақмола облысында жылына 87,5 мың тонна ет өңдейтін 15 кәсіпорын, өндірістік қуаты жылына 137 мың тонна сүт өнімдерін құрайтын 14 кәсіпорын, өндірістік қуаты жылына 794,8 мың тонна 36 ұн тарту кәсіпорны, өндірістік қуаты жылына 49,3 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін 8 кәсіпорын жұмыс істейді.

Сондай-ақ облыста тамақ өнеркәсібінде соңғы 3 жылда жоғары өсу қарқыны сақталып отыр: 2019 жылы өндіріс көлемі – 100,8 млрд теңге, 2020 жылы – 110,9 млрд теңге, 2021 жылы – 141,6 млрд теңге.

2021 жылы ет өңдейтін кәсіпорындар мен цехтар 81,5 мың тонна ет, 3 мың тонна шұжық өнімдерін өндірді.

Өңделген сүт өндірісінің көлемі 104,6 мың тоннаны, сары май 1,5 мың тоннаны, ірімшік пен сүзбе 1,5 мың тоннаны, қышқыл сүт өнімдері 6,5 мың тоннаны құрады.

20,6 мың тонна өсімдік майы, 185,3 мың тонна ұсақ тартылған ұн өндірілді.

2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында 51,9 млрд теңге сомасына азық-түлік өндірілді немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 101%-ы.

Ет өңдеу кәсіпорындары мен цехтар 25,9 мың тонна ет, 1,2 мың тонна шұжық өнімдерін өндірді.

Сүт өңдеу кәсіпорындары 27,1 мың тонна өңделген сүт, 449 тонна сары май, 263 тонна ірімшік және сүзбе, 2,3 мың тонна қышқыл сүт өнімдерін өндірді.

4,8 мың тонна өсімдік майы, 77,9 мың тонна ұсақ тартылған ұн өндірілді.

Ақмола облысының кәсіпорындары сыртқы нарықтарға жеткізетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлері: ауыл шаруашылығы дақылдарының дәндері мен тұқымдары, ұн, сүт өнімдері, жұмыртқа және т. б.

2021 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2020 жылға қарағанда 16,8%-ға $378,4 млн-ға дейін ұлғайды және 1215,2 мың тоннаны құрады.

2021 жылдың қорытындысы бойынша экспорт бойынша айтарлықтай өсім байқалады: 

  • бидай – $207,8 млн сомасына 7%-ға 853 мың тоннаға дейін;
  • арпа – $25,8 млн сомасына 82%-ға 120,4 мың тоннаға дейін;
  • рапс тұқымы – $8,9 млн сомасына 59%-ға 14,8 мың тоннаға дейін.

2022 жылғы қаңтар-наурызда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5,4%-ға $110,9 млн-ға дейін ұлғайды және 348,1 мың тоннаны құрады.

2022 жылдың 3 айында 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экспорт бойынша өсім байқалады: 

  • бидай – $79 млн сомасына 70%-ға 279,3 мың тоннаға дейін;
  • ұн – $7 млн сомасына 59%-ға 18,1 мың тоннаға дейін;
  • сары май – 7 есе — 33 тоннаға дейін артты.

Еңбек өнімділігінің өсуіне мыналар ықпал етеді:

  • ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұқым, минералдық тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсаған шығындарын өтеу тұрғысынан өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялау жүзеге асырылады. 2022 жылы осы мақсаттарға 15,5 млрд теңге бөлінді (2021 жылы – 15,1 млрд теңге);
  • суармалы жерлердің көлемін ұлғайту (2021 жылы 1 мың гектарға кеңейтілді, 2022 жылы жоспар бойынша 3 мың гектарға кеңейту көзделген);
  • техникалық паркті автоматтандыру және жаңарту (2021 жылы 63 млрд теңгеге 2187 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, 2022 жылдың 4 айында 19,3 млрд теңгеге 590 бірлік сатып алынды);
  • АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру (2021 жылы 30,7 млрд теңге сомасына 45 жоба іске асырылды, 2022 жылға 35,8 млрд теңгеге 44 жобаны іске асыру жоспарда бар).

2022 жылғы қаңтар-наурызда экспорт көлемі $274 млн құрады, 2021 жылғы деңгейге қарағанда 6,1% төмендеді. 2022 жылғы қаңтар-ақпанда шикізаттық емес экспорт көлемі $19,7 млн немесе 2021 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 113,6% құрады. Өсімге ұн экспортының 2 есеге, полиэтилен мен полипропиленнен жасалған қаптама өнімдерінің 12,5%-ға, мойынтіректердің 11,6%-ға ұлғаюы есебінен қол жеткізілді. Жалпы көлемнен шикізаттық емес экспорттың үлесі 22,5%-ды құрады.

Ақмола облысы кәсіпорындарының «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ға тауарларды шетелдік нарықтарға тасымалдауға жұмсалған шығындарын өтеу мәселесі пысықталып жатыр.

2021 жылы 18 кәсіпорыннан экспорттық шығындарды өтеуге 82 өтінім берілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 14 кәсіпорынның 269,2 млн теңге сомасына 20 өтінімі мақұлданды, сондай-ақ 11,1 млн теңге сомасына 4 өтінім қаралып жатыр.

2022 жылы жалпы сомасы 385,2 млн теңгеге 15 өтінім берілді және өңделіп жатыр.

Ақмола облысының кәсіпорындары экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейту шеңберінде жаңа экспорттық нарықтарды белсенді түрде игеріп жатыр. Мәселен:

  • «Астана-Агропродукт» ЖШС жасалған келісімшарт аясында ет өнімдерін Қытай Халық Республикасының нарығына жеткізеді;
  • «KazBeefProcessing» ЖШС Біріккен Араб Әмірліктері мен Өзбекстан Республикасына ет өнімдерін жеткізеді;
  • «САМХАТ аяқ киім фабрикасы» ЖШС былғары аяқ киімдерді Ресей Федерациясына (Мәскеу қ.) жеткізеді;
  • «Новопэк» ЖШС «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп Еуропалық одақ нарықтарына өнімді (полиэтилен және полипропиленнен жасалған қаптар) жеткізу жолдарын пысықтауда.

Сондай-ақ 2022-2025 жылдары пайдалануға беру мерзімімен жалпы инвестиция сомасы 231,3 млрд теңгеге 11 экспортқа бағдарланған жобаны іске асыру, 1937 жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру жоспарда бар. Сонымен қатар сұлы қауызы, кеспе, бекіре уылдырығы, техникалық алмаздар концентраты, құрама жем және т. б. өнімдерді шығару көзделген.

Ең ірі жобалар:

  • «БАХА SÖHNE» ЖШС сұлы қауызын шығаратын азық-түлік фабрикасы;
  • «Аква Фактория» балық фермасы;
  • «Юникорн Холдинг Ltd» құрама жем зауыты, құс фабрикасы және шошқа кешені.


Өңірде инвестиция тарту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

2010 жылдан бастап 2020 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі $12,1 мыңнан $42,5 мыңға дейін, оның ішінде ИИДМБ жобаларын іске асыру есебінен өсті. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте бұл көрсеткіш $30,9 мың/адамды немесе 2020 жылғы деңгейге қарағанда 110,7%-ды құрады.

Еңбек өнімділігінде оң динамика байқалды:

  • азық-түлік өнімдерін өндіру саласында – 102,7%; 
  • сусындар өндірісі саласында – 195,9%; 
  • қағаз және қағаз өнімдерін өндіру саласында – 138,1%;
  • химия өнеркәсібі өнімдері өндірісінде – 211,9%;
  • резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру саласында – 155,5%;
  • машина жасау саласында – 164,5%.

ИИДМБ іске асырылған жылдары осындай ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылды: 

  • алтын өндіру фабрикасы – «Аltyntau Kokshetau» АҚ; 
  • керамикалық кірпіш шығаратын зауыт – «ENKI» ЖШС; 
  • алкогольсіз сусындар өндіру зауыты – «Көкшетауминсулары» АҚ;
  • «Новопэк» ЖШС полипропилен қаптамасын өндіру; 
  • «СП СКЗ-Казатомпром» ЖШС күкірт қышқылы зауытын қайта жаңарту; 
  • «Capital Projects Ltd» ЖШС бройлер құс фабрикасы, 
  • «Степногорск» ЕПК» АҚ сфералық подшипниктер шығару зауыты;
  • Қазақстан-Беларусь ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканың индустриалды-технологиялық паркі — «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС; 
  • бройлер өсіретін құс фабрикасы – «Макинск құс фабрикасы» ЖШС.

Жалпы өңірде әкімдік пен даму институттары өкілдіктерінің базасында инвесторларды қолдау инфрақұрылымы құрылды, проблемалық мәселелерді шешу және сүйемелдеу алаңы жұмыс істейді. Даму институттары, ұлттық компаниялар, қаржы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен жобаларды ықтимал қаржыландыру және инвестициялар саласындағы мемлекеттік қолдау құралдарын түсіндіру бойынша семинарлар ұйымдастырылады.

Биылғы 4 айда негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 143,1 млрд теңгені құрап, өткен жылғы деңгейге қарағанда 30,9%-ға артты. Өсім металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау саласындағы құрылыс және жаңғырту объектілері есебінен қамтамасыз етілді.

Жеке инвестициялар есебінен жобалар пулы іске асырылуда, оған 1,3 трлн теңге сомасына, іске асыру мерзімі 2025 жылға дейін, 13,5 мың жұмыс орнын құрумен 304 жоба кірді.

Оның ішінде, 2022 жылы жеке инвестициялар есебінен барлық салаларда 4527 жұмыс орнын құра отырып, 272,9 млрд теңгеден астам сомаға 169 жобаны іске асыру жоспарлануда. 

2022 жылы аяқталатын неғұрлым ірі инвестициялық жобалар:

  • RG Processing алтын шығару фабрикасы;
  • Ereуmentau Wind Power жел электр станциясы;
  • Макинск бройлер құс фабрикасы;
  • «Ақ Дала Агро» құс фабрикасы;
  • SG Brick кірпіш зауыты;
  • Эталон Power жел электр станциясы;
  • «IQuanat» ЖШС мектебін 600 оқушыға дейін кеңейту;
  • «БАХА SÖHNE» ЖШС сұлы қауызын шығаратын азық-түлік фабрикасы;
  • «КАИК» ЖШС ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканың индустриалды-технологиялық паркінің 2 және 3-кезектері.


Өңірде өңдеу өнеркәсібі қалай дамып жатыр? 

Өңдеу өнеркәсібі – Ақмола облысының индустриялық секторының негізі. Онда 613 ірі, орта, шағын кәсіпорын мен өндірістер жұмыс істеп тұр. Саланың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 80%-дан астамды құрайды.

Өңдеу өнеркәсібінің Нақты көлем индексіне әсер ететін негізгі тауарлар: уран, өңделмеген алтын, мойынтіректер, пестицидтер, жүк және мамандандырылған автомобильдер, астық жинайтын комбайндар, цемент, темір жол құрамдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметтер, ұн.

Облыстың өңдеу өнеркәсібін қалыптастыратын негізгі: салалар металлургия, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру.

2022 жылдың 4 айында өңдеу өнеркәсібінде 338,6 млрд теңгеге тауарлық өнім өндірілді, нақты көлем индексі 108,7%-ды құрады. 35 млрд теңге инвестицияланды, бұл 2021 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2 есеге жуық артық.

2021 жылы жалпы инвестициялар көлемі 116,2 млрд теңгені құрайтын өңдеу өнеркәсібі саласындағы 20 жоба іске асырылды, шамамен 1 мың жұмыс орны құрылды. Жүзеге асырылған ең ірі жобалар:

  • «Ақсу Technology» ЖШС өнімділігі жылына 5 млн тонналық алтын өндіру фабрикасы;
  • «ENKI PLUS» ЖШС керамикалық қатардағы кірпіш шығару зауыты;
  • «Kazrost Engineering Ltd.» ЖК ауыл шаруашылығы техника өндірісін кеңейту»
  • «Ақ-Дала Агро» ЖШС Жалтыркөл ауылындағы құс фабрикасының құрылысы (құрылыстың 3 кезеңі).

2022 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 181,3 млрд теңгенің 27 жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішіндегі ең ірі жобалар:

  • «RG Processing» ЖШС өнімділігі жылына 5 млн тоннаны құрайтын тау-кен гидрометаллургиялық кешенін салу;
  • «Макинск құс фабрикасы» ЖШС құс фабрикасының құрылысы;
  • «SG Brick» ЖШС кірпіш зауытының құрылысы.

Құны 315,2 млрд теңгені құрайтын 46 жоба іске асырылып жатыр, оларды тапсыру мерзімі - 2023-2028 жылдар, 5211 жұмыс орны құрылады. 

Тамақ өнеркәсібі өңдеу саласына айтарлықтай үлес қосуда. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымында тамақ өнімдері өндірісінің үлес салмағы – 12,1%-ды құрайды.

2022 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындылары бойынша Тамақ өнеркәсібінде өсу қарқыны 1%-ды (2021 жылы – 115,5%) құрады.

Облыста ұн, нан, сұлы қауызы, макарон өнімдері, күнбағыс майы, ІҚМ еті, құс еті, сүт және сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, қияр/қызанақ өндірісі жолға қойылған.


Облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша автожол жобалары қалай жүзеге асырылып жатыр? 

Ақмола облысында жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы шамамен 8 мың км (7890,5 км) құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 2,3 мың км, облыстық – 2,7 мың км және аудандық – 3 мың км.

Биыл жергілікті маңызы бар көлік жолдарын салуға және жөндеуге 60 182,3 млн теңге қарастырылған.

Осы қаражат аясында келесі бағдарламалар бойынша жұмыстарды орындау жоспарланған: 

  • «Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары»;
  • «Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жөндеу»;
  • «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы;
  • «Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары»;
  • «Нұр-Сұлтан қаласының шетінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту»;
  • «Өңірлерді дамыту».

«Жалтыр-Макинск», «Атбасар-Сочинское», «Есіл-Свободное-Раздольное» жолдарында көпірлер салу, «Щучинск-Степняк-Уәлиханов», «Нұр-Сұлтан қаласының шығыс айналма жолы-Сарыоба станциясы», «Бурабай-Қатаркөл»,«Қорғалжын-Арықты-Сабынды», «Жақсы-Державинск», «Зеренді-Красный Кордон-облыс шекарасы» және т. б. маңызды автожолдардың учаскелерін күрделі және орташа жөндеу бойынша ірі жобалар іске асырыла бастады. 

Елордаға іргелес жатқан елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жалғасады. 

Қосшы қаласында және Жібек Жолы, Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Талапкер, 42-разъезд және Жалтыркөл ауылдарында ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. 

Айта кету керек, соңғы үш жылда шамамен 2 мың шақырым жергілікті жол салынып, жөнделді, оның 700 шақырымы ауылдық жерлерде.

Мысалы, 2016 жылы 162 км жол салынып, жөнделсе, былтыр бұл көрсеткіш 790 км құрады, өсім – 4 есеге жуық.

Өңірде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша «Екатеринбург-Алматы» автожолының (Нұр-Сұлтан-Қарағанды учаскесі) «Орталық-Оңтүстік», «Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті», «Щучинск-Зеренді», «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының «Орталық-Шығыс» бағыттары бойынша негізгі көлік дәліздері қайта жаңартылды – жалпы құны 200 млрд теңгеден асатын жалпы ұзындығы 352,3 километрлік Көкшетау қаласына кіреберіс жол учаскесі. Аталған жобаларды іске асыру жол қозғалысының қауіпсіздігін, сондай-ақ жол саласын және өңірдің көлік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Осы жылы республикалық маңызы бар 24 жол учаскесіне 13 млрд теңгеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған, шамамен 200 км жолды жөндеу көзделген. 

Жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау мақсатында биыл облыс әкімдігі жол активтері сапасының ұлттық орталығымен 100 млн теңгеге жуық сомаға шарт жасасты.


Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын дамыту. ШОБ қолдау бойынша бағдарламалар қаншалықты тиімді жүзеге асырылуда? 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды, жастар жұмыссыздығының деңгейі – 3,1%-ды құрады.

Жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықтың табысын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес қалыптастырылған Ұлттық жобалар бекітіліп, іске асырылып жатыр. 

Жүйелі жұмысты бағалау үшін жаңа жұмыс орындарын құру бойынша нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштері белгіленді, тұрақты жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі. 

Өңірді дамыту перспективаларымен жұмыс орындарын құру бойынша кадрларға қажеттілікті айқындау және міндеттерді өзара байланыстыру мақсатында «Ақмола облысының 2022-2025 жылдарға арналған облыс бойынша жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасы» әзірленіп, бекітілді. 

Биыл 17 649 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Ұлттық жобалар аясында 8 жоба бойынша 9 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 5 436 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл жылдық жоспардың 30,8%-ы, оның ішінде 3 561 тұрақты жұмыс орны немесе жылдық жоспардың 33,6%-ы (10590).

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 3247 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланған.

Бүгінгі таңда облыстың шағын және орта бизнес саласында 132 мың адам немесе экономикалық белсенді халықтың үштен бірі жұмыс істейді. Бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 2021 жылы 2020 жылға қарағанда 15,4%-ға артып, 1,2 трлн теңгені құрады.

2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны 2960 бірлікке немесе 6,3% ға артқан. 

Осы жылы кәсіпкерлер 3242 жаңа жұмыс орнын ашты.

2022 жылғы қаңтар-сәуірде шағын және орта бизнес қызметінен түскен салық түсімдері өткен жылғы кезеңге қарағанда 18,4%-ға ұлғайып, 27,9 млрд теңгені құрады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында биыл 5 млрд теңге қарастырылған. 25 мамырдағы жағдай бойынша 70 жоба бойынша 1,5 млрд теңге (30,1%) игерілді.

Биыл өңірде қабылданған 1144 жобаны субсидиялау бойынша міндеттемелер 4 млрд теңгеден астам соманы құрады.

Жалпы, облыста кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде, ол барлық мүдделі органдардың қатысуымен жалғасатын болады.


Өңірде халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша Мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асырылып жатыр? 

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылған бес жылда 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ақмола облысындағы 22,5 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешілді. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің өсу қарқыны жыл сайын орта есеппен 5-10% деңгейінде сақталып отыр. 

Тұрғын үй пайдалануға беру көлемінің артуы 2021 жылы 104,4%-ды және 2022 жылдың 4 айында 101,5%-ды құрады.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 2022 жылғы 23 мамырдағы жағдай бойынша Ақмола облысында 45,4 млрд теңге сомасына 4563 өтінім қабылданды. 

Жалпы сомасы 17,8 млрд теңгені құрайтын 1877 өтінім бойынша несие беру мақұлданды. Ақмола облысы 3-орында (Нұр-Сұлтан Алматы, Шымкент қалаларын есептемегенде).


Ішкі туризмді дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылды? 

Ішкі туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ақмола облысының ішкі туристік ағыны 2021 жылы 1031,6 мың адамды құрады. 

Ішкі туристік келушілердің жалпы құрылымында өңірдің басты курорты – Бурабай көш бастап тұр. Әсіресе туристер арасында Абылай хан алаңы (киелі география объектісі), Көкшетау, Оқжетпес, Бөлектау таулары ерекше танымал. Қазақ даласында жылқының қолға үйретілуінің ежелгі тарихын жеткізетін Қазақстандағы алғашқы ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» этнокешені үлкен қызығушылық тудырады. Әлемде баламасы жоқ «Бурабай» халықаралық трамплин кешенінде демалушылар да бар. Туристерді қызықтыратын жаңа орындар- Айналасында аттракциондары бар «Шолу дөңгелегі» мен «Discovery» аумағында пайдалануға берілген аквапарк секілді жаңа көрікті жерлер де туристерді тартады.

2021 жылы өңірдің туристік инфрақұрылымдық кешенін дамыту үшін жалпы сомасы 1,6 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылды.

2021 жылы Бурабай курортында Абылай хан алаңында Қазақстанда теңдесі жоқ жаңа мультимедиялық экспозициялық кешен, әлемдегі ірі WyndhamHotels&Resorts қонақ үй тобының өкілі болып табылатын «WyndhamGarden» элиталық қонақ үйі ашылды.

Пандемия салдарынан қалыптасқан қазіргі жағдайлар кәсіпкерлерді демалыстың жаңа түрі - глэмпингті дамытуға итермеледі. 2021 жылдың маусым айында «Орман мен Жұлдыздар» (Жөкей көлі), «Орбита Жукей» (Жөкей көлі) глэмпинг аймақтары ашылды. 

Имиджді қалыптастыру аясында Ақмола облысының жалпыұлттық маңызы бар 10 киелі орын бойынша 3D тур әзірленді.

Туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ақмола облысы республиканың ТОП-10 туристік дестинациясының қатарына кіреді.

Облыста туризм саласында 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. 

Ресми статистикалық мәліметтер бойынша 2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларының қорытындылары бойынша қонақ үйге орналастырылып, қызмет көрсетілген келушілер саны 327,8 мың адамды құрады, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе артық, оның ішінде ішкі туризм бойынша – 324,8 мың адам; сырттан келушілер туризмі бойынша – 2,9 мың адам.

2021 жылы өңірдің ішкі туристік ағыны 1031,6 мың адамды құрады.

2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,6 млрд теңгені құрады, 800 жаңа жұмыс орны құрылды – өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артық.

Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 2021 жылдың қорытындысы бойынша 20 912 адамға жетті, бұл өңірдің жұмыспен қамтылған халқының 5%-ын құрады.

2021 жылы туризм нысандарынан түскен салық түсімдерінің көлемі – 1,8 млрд теңге.

2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі туристік саланы дамытуда оң өзгерістер болып жатыр, ал туристердің келу мәніне қол жеткізу нишалық туристік өнімдерді қарқындатумен және ішкі нарықтағы әлеуетті жылжытумен қамтамасыз етіледі.


Өңірде білім беру жүйесі қалай дамып жатыр? 

Ақмола облысының білім беру жүйесінде 1332 білім беру ұйымы бар, онда 35946 адам, оның ішінде 22 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.

Облыстың білім беру саласындағы бюджеті биыл 165,9 млрд теңгені құрайды.

Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласында 605 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, 1 жастан 6 жасқа дейін – 80,5%, 2 жастан 6 жасқа дейін – 85,1%, 3 жастан 6 жасқа дейін – 100%. 

Биыл облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында 1240 жаңа орын құру және 10 балабақшаны бөбекжайға ауыстыру жоспарланған.

Бүгінгі таңда 350 орынға есептелген 4 мектепке дейінгі ұйым ашылды.

Осы жылы 1706 орындық 7 балабақшаның құрылысы жалғасып жатыр. Облыстың 551 мектебінде 133 мыңнан астам оқушы оқиды. 2022 жылы 5 бастауыш мектеп жабылады.

Жалпы білім беретін мектептерде 15883 педагог жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда облыс мектептерінде 45750 компьютерлік техника бар. 2020 жылы облыс мектептеріне 29661 бірлік компьютерлік техника сатып алынды. Осының барлығы «9 оқушыға 1 компьютер» ара қатынасын «3 оқушыға 1 компьютер» деңгейіне дейін жақсартуға мүмкіндік берді.

2021 жылы облыстық бюджеттен 23 білім беру ұйымынан қазандықтарды шығаруға 634,8 млн теңге бағытталды.

2022 жылы тағы 22 білім беру ұйымында қазандықтарды шығаруға 750 млн теңге бөлінді. 

2021 жылы 61 білім беру нысанын күрделі және ағымдағы жөндеуге 4,4 млрд теңге бағытталды. 2022 жылы 13 білім беру нысанына 1 936 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, оның ішінде 12 мектепке – 1 836 млн теңгеге және 100 млн теңгеге – 1 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы.

Бүгінгі таңда 8 білім беру нысанында конкурстық рәсімдер аяқталды, 5 білім беру нысаны бойынша мердігерлік ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Биыл облыстың 94 мектебін жаңғырту жоспарланған, бюджет қаражатынан 1 722 млн теңге бағытталды, оның ішінде: 7 мектепті күрделі жөндеуге – 911,1 млн теңге, 32 пән кабинетін сатып алуға – 274,6 млн теңге, 41 мектепте мектеп жиһазын жаңартуға – 139,5 млн теңге, кітапханаларды жаңғыртуға – 36,5 млн теңге, асханаларды жаңғыртуға – 23,5 млн теңге, 94 мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге – 279,3 млн теңге.

Облыста 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 19 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (ППТК), 4 арнайы мектеп-интернат, 1 арнайы «Балабақша-мектеп-интернат» кешені жұмыс істейді.

Облыста 4495 бала немесе 50% арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзету қызметтерімен қамтылған.

Инклюзивтік білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттерінің желісін кеңейту бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес, оның шеңберінде 2025 жылға дейін инклюзивтік білім беруді қолдаудың 103 ресурстық кабинетін ашу жоспарлануда, қазірдің өзінде 15 ресурстық қолдау кабинеті ашылды.

Облыста 231 тәрбиеленуші бар жетім балаларға арналған 4 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Соңғы 7 жылда мемлекеттік тұрғын үй қорынан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 544 пәтер бөлінді.

Өңірде 51 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, 551 мектепте үйірмелер мен секциялар өткізіледі, онда 98,1 мыңнан астам бала немесе 74,4% қосымша біліммен қамтылған.

Мемлекет басшысының балаларды үйірмелер мен секцияларға тегін тартуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылы облыста қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысы іске асырыла бастады, онда 3,5 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр.

2021 жылы облыстың барлық 32 колледжі 21507 студентпен жан басына нормативтік қаржыландыруға көшті.

Бюджеттік қаржыландыру аясында 17287 адам немесе 80% білім алады. 

2021 жылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде оқуға қабылдау жоспары 1190 адам санымен 100% орындалды.

2021 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 4790 адам қабылданды (100%). 

Өңірдегі 11 колледж – «Жас маман» жобасының қатысушылары. Оның ішінде 2020 жылы 1,6 млрд теңге сомасына 5 колледж заманауи жабдықтармен жарақтандырылған.

2021 жылы өңірдің 6 колледжі жаңартылды. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бағытталды.

Студенттік жатақханалардың жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін облыс орталығында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің, Ақан Сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің және Жоғаы техникалық колледждің студенттері үшін 300 орыннан 4 жатақхана салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 3 жатақхана салынып жатыр.

Үш ауысымды оқытуды жою аясында 2021 жылы Целиноград ауданы Раздольное ауылындағы 80 орындық мектеп, Көкшетау қаласындағы №1 ОМГ-не 600 орындық және №4 ОМ-не 360 орындық қосымша оқу корпустары пайдалануға берілді.

Бүгінгі таңда үш ауысымда оқытатын 7 мектеп бар. Оларды жою үшін 4500 орынға арнап 6 мектеп салынып жатыр. Мектептерді 2022-2023 жылдары пайдалануға беру жоспарланған.

Бұдан басқа, 2022 жылға облыстық бюджеттен Целиноград ауданы Қаражар ауылында 1200 орындық мектеп салу үшін ЖСҚ және МС әзірлеуге 54,1 млн теңге бөлінді. Конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Облыс мектептерінде үш ауысымды оқыту мәселесін 2024 жылға дейін шешу көзделген.


Өңірде денсаулық сақтау жүйесі қалай дамып жатыр?

Облыста 562 денсаулық сақтау объектісі жұмыс істейді, оның ішінде: стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым, жедел медициналық жәрдем станциясы, қан орталығы, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 531 денсаулық сақтау ұйымы, оның ішінде: 377 медициналық пункт, 100 дәрігерлік амбулатория, 6 емхана, 1 МСАК орталығы және 6 басқа да денсаулық сақтау ұйымдары.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Осыған байланысты, облыс әкімінің орынбасары бекіткен, сондай-ақ МӘМС-ке тартылған мемлекеттік құрылымдардың барлық басшыларымен келісілген Ақмола облысының халқын МӘМС жүйесіне тарту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.

Іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстың әрбір ауданында, сондай-ақ Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларында «Халықты МӘМС жүйесіне тарту» жұмыс топтары құрылды. Барлық мемлекеттік органдармен белсенді ведомствоаралық өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. 

Сонымен қатар тоқсан сайын облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарының қатысуымен облыс әкімдігі жанындағы халықты МӘМС жүйесіне тарту мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың отырыстары өткізіледі.

«Мемлекеттік сақтандыру» ММ, мемлекеттік аннуитеттік компания, мемлекеттік зейнетақы қоры, Көкшетау қаласының әлеуметтік оңалту орталығы, қалалық білім бөлімінің өкілдерімен бірлесіп ашық есік күндері өткізілді. 

«Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалы базасында МӘМС мәселелері бойынша халықпен дөңгелек үстелдер, кездесулер ұйымдастыру мақсатында диалог алаңы құрылды.

Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесінде мемлекеттік медициналық ұйымдарда 7 863 медицина қызметкері, оның ішінде 1 677 (21,3%) дәрігер және 6 186 (78,3%) орта медицина қызметкері еңбек етеді.

Соңғы үш жылда дәрігер кадрларының тапшылығы, жалпы, облыс бойынша 2 есеге төмендеді.

Медицина кадрларын ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда:

  • дәрігерлерді жалдау ақыларын қоса төлеу, балабақшалардан орын бөлу, жұбайын/зайыбын жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік қолдау шаралары қамтамасыз етіледі; 
  • Ақмола облыстық Мәслихатының шешімі бойынша 2022 жылы жас мамандарға (дәрігерлерге) көтерме ақы төлеу көлемі ұлғайтылды:
  1. аудандық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1,5 млн теңгеге дейін;
  2. ауылдық жерлерде 2,5 млн теңгеге дейін.
  • «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша біржолғы көтерме ақы төлеу «100 АЕК немесе 306 300 теңге сомасында;
  • тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік қолдау — 15 жыл мерзімге 1500 АЕК-тен немесе 4,6 млн теңгеден аспайтын сомада бюджеттік кредит беру, кредит сомасынан жылдық 0,001% мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесі қарастырылған.

2020 жылы 41 жас маман, 2021 жылы 54 маман баспанамен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар облыс орталығында медицина қызметкерлері үшін Көкшетау қаласында 40 пәтерлі үй салынды. Егіндікөл ауданында медицина қызметкерлеріне арналған 8 орындық жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілді, Атбасар ауданында бос тұрған ғимараттардың бірі 30 орындық жатақханаға қайта бейімделді. Жақсы ауданында 8 пәтерлі тұрғын үй салынды.

Жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант бөлінеді, орта медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет есебінен 190 грант, республикалық бюджеттен 20 грант, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 50 грант бөлінеді.

Орта буын мамандарын дайындау және қайта даярлауды Көкшетау жоғары медициналық колледжі 8 мамандық бойынша жүргізеді: атап айтсақ, емдеу ісі, акушерлік іс, мейірбике ісі, гигиена және эпидемиология, стоматология, ортопедиялық стоматология, зертханалық диагностика, фармация. Оқу корпусының қуаты – 1145 адам, қазіргі уақытта 1210 адам оқиды. 2020-2021 оқу жылында 237 студент бітірді. 2022 жылы барлығы 217 адам оқуын тәмамдайды деп күтілуде.

2018 жылдан бастап Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде медицина факультеті ашылды, онда 516 адам оқиды, оның ішінде әкімнің гранты есебінен – 200 адам. Сондай-ақ облыс әкімінің атаулы стипендиялары аясында республиканың түрлі жоғары оқу орындарында 52 млн теңге сомасына 72 резидент оқиды.

Дәрігер персоналының еңбекақысының өсуі орта есеппен 30%-ды, орта медициналық персоналға 20%-ды және кіші персоналдың жалақысына орта есеппен 15%-ды құрайды. 

Медициналық ұйымдардың жарақтандырылуы 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша 8,5%-ға 72,8-ден 79%-ға дейін ұлғайды. 2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 79,9% құрайды. 2021 жылы 2,2 млрд теңгеге 150 бірлік медициналық техника сатып алынды.

2022 жылға республикалық бюджеттен субвенциялар есебінен денсаулық сақтауға 32 бірлік медициналық техника сатып алуға 1,3 млрд теңге бөлінді.

2021 жылы жалпы сомасы 445,1 млн теңгеге 2 нысан іске қосылды.

2022 жылы Целиноград ауданының Қоянды ауылында МСАК орталығының және Қосшы қаласында 100 адам қабылдайтын емхананың құрылысы жалғасуда.

Сонымен қатар Атбасар ауданының Новосельское ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын бастау үшін «Ауыл – Ел бесігі» шеңберінде 140 млн теңге бөлінді, бүгінгі күні бас мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу бойынша рәсімдер жүргізілуде.

2021 жылы медициналық нысандар ғимараттарының тозу деңгейі 71,4%-ды құраса, 2022 жылы 70,6%-ды құрады.

Облыс бойынша компьютерлік техникамен жабдықтау 100% құрайды. Облыстың 562 денсаулық сақтау нысанының 529-ы интернет желісіне қосылған, бұл 94,2%-ды құрайды. Аудандық деңгейге дейін интернетке 38 медициналық ұйым қосылған және 100% құрайды, аудандық деңгейден төмен 524 нысанның 491-і қосылған, бұл 94%-ды құрайды.

Облыс тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 20,2 млрд теңге бағытталды, оның ішінде: 2020 жылға – 5,4, 2021 жылға – 6,8, 2022 жылға – 8.

Бірыңғай дистрибьютор стационар аясында Ақмола облысына 4,5 млрд теңгеден астам сомаға ДЗ мен МБ жөнелтті.

Оның ішінде, КВИ бар пациенттерді емдеу аясында Ақмола облысының медициналық ұйымдарына 3.05.2022 ж. жағдай бойынша КВИ емдеу хаттамасына кіретін 80 ДЗ және МБ атауы және 296 млн теңге сомасына Бірыңғай дистрибьютордың тізімі жеткізілді. 

Сонымен қатар облысқа 3,5 млрд теңгеден астам сомаға ДЗ және МБ 830 атауы жеткізілді. Бүгінгі таңда «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша 2,2 млрд теңге сомасына рецептілер қамтамасыз етілді, препараттардың қажетті қорлары бар.

Пандемия кезеңінде 55 мыңнан астам амбулаториялық және 13 мыңнан астам стационарлық науқас емделді.

2021 жылы инфекциялық стационарларда/бөлімшелерде 726 өлім-жітім, 2022 жылы 45 жағдай тіркелді. 

2021 жылдың тамыз айының ортасында КВИ-мен сырқаттанудың шарықтауы кезінде облыста 2490 инфекциялық төсек-орын орналастырылды, ең жоғарғы толымдылық 60%-ды құрады.

Осы жылы аурушаңдықтың төмендеуіне байланысты КВИ 65 төсек-орны қарастырылған. Облыстағы стационарларда коронавирус инфекциясынан емделіп жатқан пациенттер жоқ.

КВИ-ге қарсы халықты вакциналау және ревакциналау жалғасуда. Ынталандыру шараларын қолдана отырып, азаматтар арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

358 мыңнан астам адам егілді, 129 мыңнан астам адам немесе 56,6% ревакцинациядан өтті. Pfizer вакцинасының бірінші компонентін 13 344 адам немесе тиесілі адамдардың 20,2% алды. Екінші компонентін 11751 адам немесе 17,8% алды.

2021 жылы бедеулік бойынша диспансерлік есепте 753 жұп тұрды. ЭКҰ процедурасы 551 жұпқа қажет болды, МӘМС жүйесі бойынша ЭКҰ-ға 274 жұп жіберілді, оның ішінде 86 жұп оң нәтиже көрсетті, тиімділік пайызы – 31,3%. 

2022 жылы 5 айда Өңірлік комиссияның 8 отырысы өткізілді, 157 әйел жіберілді, 106 ЭКҰ бағдарламасы өткізілді, оң нәтижелер – 18, теріс нәтижелер – 16, жұмыста – 72.

Биыл Степногорск қаласында 3 жасқа дейінгі балаларды ерте оңалту үшін Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Жыл сайын медициналық оңалтумен 300-ден астам баланы қамту жоспарлануда.

Сондай-ақ 2022 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының бастамасын іске асыру аясында Көп бейінді облыстық балалар ауруханасы жанынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды.

Орталықта 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін II-III кезеңді оңалту жүргізіледі, тәулік бойы болуға 13 төсек және күндіз келуге 10 төсек қарастырылған, оңалту курсы – 21 күн.

Жалпы, облыс тұрғындарына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. 

 

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша жергілікті жерлерде қандай жұмыстар атқарылды?

Бүгінде әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдарды 2 есеге қысқарту жүзеге асырылды. Мәселен, облыстық деңгейде облыс әкімдігі жанындағы 41 ККО-дан 23 ККО таратылды, яғни жалпы санының 56%-ы.

Әкімнің және әкімдіктің нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ құпиялылық белгісі және «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттарды қоспағанда, құжаттарды қағаз түрінде енгізу, оларға виза қою және әр парағына қол қою рәсімдерінің күші жойылды.

Облыс әкімі аппаратында құжаттарды қарау мерзімі (НҚА келісу және т. б.) екі есеге, атап айтқанда 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылды.

Облыс әкімі аппараты басшысының бұйрығымен ұйымдастыру-техникалық сипаттағы құжаттарға қол қою, сондай-ақ мемлекеттік органның ведомствоаралық кеңестерге қатысу және өз ұстанымын білдіру құқығы бөлім басшыларына және әкім аппаратының бас инспекторларына берілді.

Облыстың, өңірлердің жергілікті атқарушы органдары үшін ресми коммуникация және ақпарат алмасу құралы ретінде қызметтік электрондық пошта және мемлекеттік органдардың интранет-порталы пайдаланылады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын іске асыру жұмысы жалғасуда.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу