27 Маусым 2024, 19:02
Елімізде банкрот болып танылған азаматтардың 40 млрд теңге қарызы кешірілді. Банкрот болып танылғандардың арасында атаулы әлеуметтік көмек алатын 1200 азамат бар. Олардың 1,4 млрд теңге қарызы кешірілген. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 26 маусым күні ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Халықтың шамадан тыс несиеленуі мәселесін шешу құралдарының бірі – «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңы. Құжат былтыр өз күшіне енген соң қыркүйек айынан бастап өтініш берген алғашқы азаматтар банкрот болып таныла бастады. Бұл процесс онлайн форматта жүргізіледі. Ол үшін «Жеке тұлғаларадың банкроттығы» деген ақпараттық жүйе құрылды. Жүйе бойынша әр адам өзінің арызы мен оны қарастыру процесін қадағалай алады.
Аталған Заңда қарыз түрі және қарыз сомасына байланысты 3 рәсім қарастырылған (соттан тыс банкроттығы, төлем қабілетін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдері). Олардың ішіндегі ең сұранысы көп — соттан тыс банкроттық рәсімі, оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады (қарыз сомасы 5,9 млн теңгеден аспауы қажет).
«Азаматтар бұл рәсімге өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы бере алады», — деп атап өтті вице-министр.
Осы мақсатта Qoldau жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.
Жүйе 24 мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базасы арқылы өтініш беру және өтініш берушінің кіру критерийлеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Вице-министрдің айтуынша, өтініш беруші өтініштің статусы мен уәкілетті органның шешімін осы жүйеде көре алады. Сондай-ақ бас тарту себебін және ол бойынша тиісті органдар ұсынған ақпаратты көреді. Бұл болашақта оның деректерді түзету үшін, сол немесе басқа органға хабарласу үшін өте ыңғайлы.
Сонымен қатар Qoldau жүйесінде кез келген адам нақты уақыт режимінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы статистикалық деректерді көре алады.
Екінші рәсім: сот банкроттығы, азаматтар 1600 АЕК-тен астам (2024 жылы — 5,9 млн теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады. Дегенмен, алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залал, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер есептен шығаруға жатпайтынын айта кеткен жөн.
Үшінші рәсім, бұл сотта қарыздарды бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігін көздейтін төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.
Бұл процедураның артықшылығы — одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.
Заңда көзделген рәсімдерді қолданылған күннен бастап:
– қарыздар бойынша өсімпұлдарды және сыйақыларды есептеу тоқтатылады;
– кредиторларға борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуге тыйым салынады;
– кредиторларға борышкердің банктік шоттарынан ақша өндіріп алуға тыйым салынады және басқа да салдарлар.
2023 жылдың 3 наурызынан бастап соттан тыс банкроттық рәсіміне 102 мың өтініш түсті.
– 1,5 мың өтініш мемлекеттік кірістер органдарында қаралып жатыр;
– 6,5 мың азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде;
– 1,6 мың азаматқа қатысты рәсім тоқтатылды;
– 13 мың азамат банкрот деп танылды, сомасы 27,3 млрд теңге;
– 1,2 мың азамат атаулы әлеуметтік көмек алушылар 1,4 млрд теңге қарызы бар;
– 6,5 мың азамат банкрот деп танылып, 18,0 млрд теңгеден астам қаражат есептен шығарылды;
– 79 мың өтініш бойынша бас тартылды.
Қаржы вице-министрі келтірген дерекке сәйкес, банкроттық рәсімінің бас тарту себептеріне критерийлеріне сәйкес келмеу жатады, атап айтқанда:
– 61 мың өтініш (немесе 77%) 12 айлық төлем қабілетсіздігі болмауына байланысты (бөліп төлеу төлемдер болды);
– 37 мың өтініш (немесе 47%) – соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізімінде кредиторлардың болмауы;
– 34 мың өтініш (немесе 44%) мүліктің болуы;
– 25 мың өтініш (немесе 32%) кредитормен реттеу рәсімін растайтын құжаттың болмауы;
– 8 мың өтініш (немесе 10 %) 1 600 АЕК көлеміндегі қарыз шегінен асып кетті.
«Көріп отырғанымыздай, азаматтар негізгі критерийлерді біле тұра, әлі де өтініш беріп, нәтижесінде бас тарту болып жатады. Соттың банкроттық рәсімін және төлем қабілетін қалпына келтіру тәртібін қолдануға 2,9 мыңнан астам азамат жүгінген. 104 борышкерге қатысты банкрот рәсімі жүргізілуде, кредиторлар тізіміне енгізілген қарыз сомасы – 11,6 млрд теңге. Сот банкроттығы барысында 19 адам банкрот деп танылып, олар бойынша 12,2 млрд теңгеге жуық қарыз кешірілді. 12 азамат бойынша төлем қабілеттілігі қалпына келтірілуде», — деді Ержан Біржанов.
Жалпы екі банкроттық рәсім бойынша 13 мың адам банкрот деп танылып, олар бойынша 40,0 млрд теңге жуық қарыз кешірілді.
Айта кету керек, Заңда ұсынылған рәсімдер өзекті, бірақ бар кедергілерге байланысты жеке борышкерлер оларды қолдана алмайды.
19 маусым күні Президент «Кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды, оның аясында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілуде (24 бапқа 44 өзгерту). Түзетулер келесі мәселелерді шешуге бағытталған:
1-мәселе. Кредитормен борышты реттеу туралы құжатты қосымша ұсыну міндеттілігі;
Шешім: Депутаттар өтініш берген кезде азаматқа осы құжатты қоса беру талап етілмейтін норманы талқылап, қабылдады. Енді барлық қаржы ұйымдары жүргізілген реттеу туралы мәліметтерді кредиттік бюроларға жіберуге міндетті болады.
2-мәселе. Азаматтың өтініш берген кезде кредиторлар алдындағы борыштың нақты сомасын, сондай-ақ кредитордың атауын білмеуі (жүргізілген қайта құрылымдауға байланысты)
Шешім: Депутаттар өтінішті толтыру кезінде бәрін көрсетудің қажеті жоқ деген норманы мақұлдады, бұл мәліметтер кредиттік бюролар базасынан алынады.
3-мәселе. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға болатын қаржы ұйымдарының тізімінде кредитордың болмауы;
Шешім: Депутаттар соттан тыс банкроттықтағы кредиторларының тізбесіне жұмыс істеп тұрған қаржы ұйымдарымен қатар барлық банк операцияларын жүргізуге, микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензияларынан айырылған, не микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің тізілімдерінен шығарылған, оның ішінде таратылған, тарату сатысындағы ұйымдар, сондай-ақ қарыз банктік шарттары бойынша талап ету құқықтары тиесілі, қарыз (кредит) шарттарына және жеке тұлғаларға микрокредит беру туралы шарттарға өзге де ұйымдар да кіретін норманы қабылдады.
4-мәселе. Кредитордың қарызды біржақты тәртіппен қайта құрылымдауын жүргізу (коллекторларға беру) немесе берешекті өтеу есебіне аз мөлшерде ақшалай сомалардың түсуіне байланысты 12 ай төлемнің болмауы критериіне сәйкес келмеуі
Шешім: енді, өтеу ретінде айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын сомадағы төлем болып есептеледі (ұсақ түсімдер есепке алынбайды), сондай-ақ өтеудің болмау мерзімі, егер коллекторлық агенттік төлемнің болмауының өзге мерзімін растамаған жағдайларды қоспағанда, коллекторлық агенттікке талапты бергенге дейін соңғы төлем жасалған күннен бастап есептелінетін болады.
5-мәселе. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану кезеңінде борышты реттеуді жүргізу, рәсімде кредитор болып табылмайтын басқа тұлғаларға (арнайы қаржылық компаниялар, лицензиясынан айырылған ұйымдар және т. б.) өндіріп алуға беру
Шешім: Заңның 17 және 22-баптары (рәсімдерді қолдану салдары) жаңа тармақшамен толықтырылды. Оған сәйкес кредиторға «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Микроқаржы қызметі туралы» және «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген реттеу және өндіріп алу шараларын қолдануға тыйым салынады
6-мәселе. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінде шет елдерге шығу шектелуі (5 жылға дейін) және қолдану негізі ретінде ұзақ мерзімде төлемінің болмау қажеттілігі (12 айдан астам)
Шешім: талқыланатын түзетулер бойынша төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісі алынып тасталды, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің елден тыс жерге кетуіне тыйым алынып тасталды.
Қолданыстағы Заңға өзгертулерге тоқталсақ, аталған өзгерістерден басқа, түзетулер;
– қаржы басқарушыларының да қызметіне қатысты. Атап айтқанда, енді уәкілетті орган оны тағайындап қана қоймай, қызметте бұзушылықтар анықталған жағдайда шеттете алатын болады.
– қаржы басқарушысының өз сыйақысын алудағы құқықтарын қорғайтын түзетулер көзделген – банкроттың тоқтатылуға жатпайтын міндеттемелерінің тізбесі жаңа тармақпен толықтырылды: рәсімді жүргізген қаржы басқарушысының сыйақысы оның толық көлемде немесе оның бір бөлігінде төленбеген жағдай қосылды;
– соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануүшін жұбайының келісімінің қажеттілігі орнатылды;
– соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы кредиторды ескерту қажеттілігі алынып тасталды.
«Банкроттықтан кейін пайда болатын салдарға назар аударда кетейін. Сот және соттан тыс банкроттықты қолданатындар бес жыл бойы банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмайды, ломбардтардан шағын несие алуды есепке алмағанда. Сонымен қатар жеті жылдан кейін ғана банкроттық туралы қайта өтініш беру қарастырылған. Олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жылдан кейін тексеріледі. Банкроттықтың салдары бар екенін әркім түсінуі керек. Төлем қабілеттілігі қалпына келтірілгенде мұндай салдарлар болмайды», — деп түйіндеді вице-министр Е. Біржанов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу