Қазақстандағы 115 базарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда

2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес елімізде 115 базарды жаңғырту жоспарланған. Бұл туралы ҚР СИМ сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, биыл 16 базарда жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Қалған 99-ы келесі жылы ретке келтіріледі. Биыл жаңғыртудан өтетін 16 базардың алтауы Алматыда, үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. 

Жыл басынан бастап сауда орындарының жай-күйін бағалау үшін Министрлік пен Комитеттің басшылығы еліміздің барлық өңіріне барып егжей-тегжейлі түгендеу жұмыстарымен танысып қайтты. 

«Бұл жұмысты біз әкімдіктермен, мемлекеттік кірістер, төтенше жағдайлар, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау өкілдерімен бірлесіп жүргіздік. Өңірлік сапарлардың қорытындысы бойынша екі рет, осы жылдың наурыз және тамыз айларында біз сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасын өзектендірдік», — деп мәлімдеді Сауда комитетінің төрағасы.

Осылайша, өзектендірілген 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес 115 базарды жаңғырту жоспарланған.

«Базарларды жаңғыртуды жүргізіп жатқан, жүргіземін деген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдауды ала алады. Жалпы, 10,75%-ын мемлекет субсидиялап береді, қалған банктің пайыздық мөлшермелесін кәсіпкер өзі төлейді», — деді спикер.

Биыл Алматы қаласындағы 6 базарда жаңғырту жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Олар: «Сауран», «Сарыарқа», «Сауда кент», «Тигрохауд», «Кенжехан-1» және «Кенжехан 2» әмбебап базарлары.

Сондай-ақ жыл соңына дейін Алматы облысында 1, Жамбыл облысында 2, Қостанай және Ұлытау облыстарында 1 базардан, Түркістан облысында 2 сауда базары жаңартылады. Аталған сауда орындарын жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Ал келесі 2025 жылы 99 базарды жаңғырту қарастырылған. 

«Сауда орындарын жаңғырту, тәртіпке келтіру инфрақұрылымды жақсартуға, сатушылар мен сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жобаларды іске асыру шеңберінде сауда павильондарын салу, қолданыстағы павильондарға күрделі жөндеу жасалады, сауда алаңдары кеңейтіліп, қауіпсіздік пен санитарлық нормалардың жаңа стандарттары енгізіледі», — деп түсіндірді сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Биыл еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент қаласындағы үш базарда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Қазіргі уақытта ол жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. 

«Биыл өңірлерге жұмыс сапары аясында базарлардың жағдайымен таныстық. 27 қыркүйекте Шымкенттегі бірнеше базарды аралап, жеке кәсіпкерлермен кездестім. Ол жерлерде стихиялық сауда барына көзіміз жетті, яғни арнайы белгіленбеген жерде сауда жасау әрекеті. Мұндай жағдай сауда кезінде азық-түліктен улану, түрлі инфекцияның таралауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан базарларды жаңғырту жұмыстары осы олқылықтардың алдын алуы тиіс», — деп атап өтті спикер. 

Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, 2024 жылғы 6 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнесті жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның негізінде Сауда және интеграция министрлігіне сауда қызметі субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну құзыреті берілді. 

«Заңды іске асыру үшін жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары қабылданды. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың нақты тетігі мен шарттары айқындалды. Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен ішкі саудадағы жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету үшінін республикалық бюджеттен 2024 жылға 4 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды», — деп түсіндірді спикер. 

Оның айтуынша, 2024 жылдың қазан айында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті тарапынан ішкі сауда субъектілерін жаңарту үшін мемлекеттік қолдау шараларын көрсету басталады.

Мемлекеттік қолдау шаралары 2 түрлі тәсіл арқылы көрсетіледі. Біріншісі – несие мөлшерлемесін субсидиялау. Екіншісі – несиеге кепіл болу. 

Жалпы мемлекеттік қолдау шаралары 4 түрлі мақсатқа бағытталған. Олар: 

  1. Сауда базарларын жаңғыру үшін;
  2. Сауда объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау үшін:
  3. Үй жанынан дүкен салу үшін
  4. Осы салада IT бағдарламалар жасау үшін. 

«Бұл бағдарламаға еліміздегі 3 мегаполис Астана, Алматы, Шымкент қалалары және елдегі ойын-сауық орталықтары қатыса алмайды. Сондай-ақ бағдарламаның шарты бойынша сауда нысандарына қатысты жобаларын облыс орталықтарында жүзеге асыратын жеке кәсіпкерге берілетін сома 3 млрд теңгеден аспайды. Ал, жобаны моноқалаларда немесе ауылдық елді мекендерде жүзеге асыратындар үшін берілетін сома 1,5 млрд теңгеден аспайды», — деді А. Әбілдабеков. 

Кәсіпкер несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның несиеге кепіл болу тетігін қолдана алады. Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін 50%-ға дейін, жұмысын енді бастаған, құрылғанына 3 жыл толмаған нысандар үшін кредит сомасының 85%-ына дейін несиеге кепіл болады. Субсидиялау мерзімі – инвестициялық мақсаттарға арналған жобалар 5 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін 3 жылға дейін. 

«Айта кету керек, моно және шағын қалаларда, ауылдық елді мекендерде Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша шектеусіз барлық сауда субъектісіне қолдау көрсетіледі», — деп мәлімдеді спикер. 

Несиеге кепіл жетпеген жағдайда ішкі сауда нысандары осы бағдарламаның несиеге кепіл болу тетігін қолдана алады. 

  • Жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін – 50%-ға дейін:
  • Жұмысын енді бастаған, құрылғанына 3 жыл толмаған нысандар үшін кредит сомасының 85%-ына дейін несиеге кепіл болады. 

Мемлекеттік қолдау шаралары «Даму» қоры арқылы жүзеге асады. Қазіргі күні Сауда комитеті өңірлерде мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған бағдарламаға қатысамын деген жеке кәсіпкерлер Сауда комитетінің өңірлердегі Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттеріне жүгінуіне болады. 

Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын көрсету ережесінде қолдау шараларына ие болған жеке кәсіпкерлер үшін қарсы міндеттемелер қарастырылған. Мемлекеттік қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің 20%-ын отандық азық-түлік өнімдерін өндушілердің үлесіне беруі керек. 

«Жалпы ішкі сауда ережесінде көрсетілген «сауда сөресінің 30%-ы отандық азық-түлік өнімдерін өндушілердің үлесіне берілуі керек» деген міндеттемені қосатын болса, бұл көлем 50%-ға жетеді. Сонымен бірге қолдау алған ішкі сауда субъектісі сауда сөресінің тағы 20%-ын отандық азық-түлік емес өнімдерін өндушілердің үлесіне беруі қажет. Жоғарыда аталған Ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау – экономикалық белсенділіктің өсуіне, әлеуметтік салаға, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ сауда инфрақұрылымын жақсартуға оң әсер етеді», — деп түйіндеді Айдар Әбілдабеков. 

#Сауда #ҚР Сауда және интеграция министрлігі #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу