10 Қазан 2024, 16:28
Жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және тұмаумен сырқаттанудың эпидемиологиялық маусымы басталды. Жыл сайын республикада 4-5 млн ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау оқиғасы тіркеледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі апта сайын мониторинг жүргізеді. Биылғы қыркүйек айында республикада 544 368 ЖРВИ жағдайы тіркелді, өткен жылдағы қыркүйек айымен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 27%-ға төмендегені байқалады. Бұл туралы ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова хабарлады.
Оның айтуынша, соңғы аптада республикада 171 532 ЖРВИ жағдайы тіркелді, өткен аптамен салыстырғанда 9%-ға төмендеген. Тұмау оқиғасы тіркелген жоқ. Тұмаудан басқа Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустар да тарайды. Қыркүйекте басқа да гриппозды емес инфекцияларға 388 сынама зерттелді, оның ішінде 137 сынамада оң нәтиже анықталды, оның ішінде риновирус – 49, бокавирус – 35, парагрипп – 25, аденовирустық – 17, РС – 7, басқалары – 4.
16 тамызда ағымдағы эпидемиологиялық маусымға тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына қол қойылды.
«Қаулыға сәйкес, медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын жүргізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың тұмауға және басқа ЖРВИ-ға зертханалық зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді», — деді спикер.
ДДСҰ деректері бойынша алдағы эпидемиялық маусымда тұмаудың AH1N1, AH3N2 және В штамдары өзекті болады. Олар 2024-25 жылдарға арналған вакциналауға енгізілген. Биыл бюджет қаражатына Ресей өндірген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2,2 млн дозасы сатып алынды. Бұл республиканың жалпы халқының 11%-ын қамтуға мүмкіндік береді.
ДДСҰ халықтың кемінде 10%-ын вакциналауды ұсынған болатын. Вакцинада алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бүгінгі таңда тұмауға қарсы 769 мың адам егілді, вакциналау жалғасуда. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың неғұрлым осал топтары: медицина қызметкерлері; медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлеріне арналған білім беру ұйымдарының балалары; эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцина алады.
Сонымен қатар, Сархат Бейсенова тұмаудың пайда болу белгілері және одан сақтану тәсілдері жайында баяндады. Тұмау кенеттен басталып, дене қызуы күрт көтерілуімен бірге жүреді. Дененің айқын интоксикациясы кезіндегі белгілер: қалтырау, адинамия, бұлшықет және бас ауруы, бүкіл дененің ауруы, кеудеде ауырсыну болатын құрғақ жөтел. Кез келген басқа вирустық инфекция кезінде, әдетте, катаральды белгілер басым болады. Яғни, мұрыннан су аға бастайды, тамақ ауырады, содан кейін ғана осы катаральды көріністермен қатар дене қызыу пайда болады.
«Аурудың алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын сақтауды ұсынамын: адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе, жабық үй-жайларға баруды шектеу; үй-жайларды үнемі желдету; қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану; науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету; тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу; ауру белгілері пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну керек», — деді спикер.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы ДДСҰ жарқанаттардан адамдарға берілуі мүмкін жаңа қауіпті инфекция туралы мәлімдегенін ескертті. Марбург вирусының табиғи ошақтары: Оңтүстік, Батыс және Орталық Африка өңірлері. Ол Габон, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Либерия, Гвинея, Кения, Зимбабве, Руанда елдерінде тараған. Марбург безгегі ауыр ағын, жоғары өлім, гемаррагиялық синдром, бауырдың, асқазан-ішек жолдарының, орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен сипатталады.
Сархат Бейсенованың айтуынша, бұл вирус жарқанаттан адамға таралады, ал науқас оны өзімен жақын байланыстағы адамдарға жұқтыруы мүмкін.
«Симптомдарға дене қызыуның күрт көтерілуі, қатты бас ауруы және бұлшықеттер ауруы жатады. Үшінші күні диарея, іштің ауруы, сосын құсу мүмкін. 5-7 күндері көптеген адамдарда ауыр гемаррагиялық симптом қосылады. Қан кету байқалады. Өлім жағдайлары 8-9 күні болады. Оның алдында қатты қан жоғалту және естен тану болады. Сарапшылар атап өткендей, вирус қауіпті, өйткені қазіргі уақытта оған қарсы вакцина жоқ, нақты ем жоқ, тек қана симптоматикалық емдеу шаралары ғана жүргізіледі», — деді спикер.
Қазақстандықтардың көшіп-қону көрсеткішінің жоғары екенін және эпидемиялық елдерге баруын ескере отырып, Комитет осы инфекцияның елге әкелінуінің алдын алу үшін мынадай шараларды сақтауды ұсынады: эндемиялық елдерге баратын кезде жұқтырған адамдармен байланысты болудан аулақ болу, Африка ормандарында кездесетін жабайы жануарлардан сақ болу, жергілікті жануарлардың жеткіліксіз қуырылған етін жемеу және мысырлық жарқанаттардың көп саны шоғырланған шахталар мен үңгірлерге бармау.
#Денсаулық сақтауҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу