15 Қазан 2024, 16:11
15 қазанда Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Салалық динамика және инвестиция тарту бойынша жоспарлы көрсеткіштерден артта қалған бірқатар өңір әкімдері тыңдалды.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша осы жылдың 9 айында ЖІӨ өсімі 4%-ға жетті. Бұл көрсеткіш негізінен ауыл шаруашылығы (+11,4%), құрылыс (+10,1%) және сауда (+6,3%), өңдеу өнеркәсібі (+4,8%) салаларындағы оң серпінмен қамтамасыз етілген. Аталған кезеңде мұнай өндіру көлемі төмендеп кетті.
Премьер-Министр мұнайдан тыс секторлардың есебінен экономиканың өсуі Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес экономиканы әртараптандыру шараларының жалғасып жатқанын көрсететінін атап өтті.
Әкімдіктер мен министрліктердің мақсатты экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізудегі белсенді жұмысының маңыздылығы атап өтілді.
Үкімет отырысында вегетациялық кезеңнің өту қорытындылары қаралды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, ауыл шаруашылығы министрі Азат Сұлтановтың, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Елімізде биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы болған жоқ. Дихандар егін шығынынсыз, толық көлемде егіндік сумен қамтамасыз етілді. Оңтүстік аймақтарға тұрақты суару үшін 10,9 км3 су берілді.
Премьер-Министр вегетациялық кезеңде көрші елдермен сапалы келіссөздер жүргізудің маңызы зор екенін атап өтіп, мемлекеттік органдар мен шекаралас өңір әкімдіктеріне тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Су ресурстары және ирригация және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне су қоймаларын толтыра отырып, суару кезеңінде судың ысырап болуын азайту арқылы келесі вегетациялық кезеңнің басталуына сапалы дайындық жүргізу тапсырылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу