23 Қазан 2024, 16:40
23 қазанда Үкімет үйінде Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Егін жинау науқанының қорытындылары қаралды. Ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, Көлік министрлері, сондай-ақ бірқатар облыс әкімдері баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,3 млн га құрады, оның 16,7 млн га астық егілді. Олар бойынша дала жұмыстары 99,7%-ға аяқталды. 26,5 млн тонна астық бастырылды.
Көлік министрі күз басынан бері теміржол көлігі арқылы астық тасымалының деңгейі артқанын мәлімдеді. Өткен айда 1,05 млн тонна астық тасымалданды. Оның ішінде экспортқа 867 мың тонна жеткізілсе, республика ішінде 186 мың тонна тасымалданды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын табысты жүргізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.
Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанның астық бойынша жоғары экспорттық әлеуетін 12 млн тоннаға бағалап отыр. Майлы дақылдар бойынша экспорттық әлеует 1 млн тоннадан асады.
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп астықты егістіктен уақтылы әкетуді, оны кептіруді және элеваторларға толтыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сауда және ауыл шаруашылығы министрліктерінің алдына дәстүрлі және жаңа өткізу нарықтарында өндірілген өнімді өткізу міндеті қойылды.
Премьер-министр 2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі егін жинау науқандарын уақтылы өткізуге назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Бәйтерек» Холдингімен бірлесіп биылғы 1 желтоқсаннан бастап фермерлерді ерте қаржыландыруды бастау тапсырылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу