06 Тамыз 2024, 17:58
6 тамызда Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атқарылып жатқан жұмыстар туралы, ішкі істер министрі Ержан Сәденов білім беру нысандарындағы қауіпсіздіктің ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Сондай-ақ жекелеген өңір әкімдері тыңдалды.
Жаңа оқу жылында қазақстандық 3,9 млн оқушы мектепке барады, оның 360 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушылары. 1 қыркүйекке қарай елімізде 61 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес, елімізде 536 мың оқушыға арналған 302 жаңа мектеп ашылады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды екенін баса айтты. Премьер-Министр мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханалар мен спорт залдарын жабдықтауды тапсырды.
Балаларды 1-ші сыныпқа қабылдау процесін дұрыс ұйымдастыру және мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне назар аударды. Жаңа оқу жылында 360 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы тұр. Олжас Бектенов қабылдау процесінің белсенді жүріп жатқанын, оны дұрыс ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекеттік қолдауға мұқтаж балаларға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілуге тиіс. Биыл 500 мыңнан астам бала үшін 22 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты көзделген.
Үкімет басшысы қазақстандық мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының жұмысын жаңа бәсекелестік деңгейге шығаруды тапсырды. Білім берудің барлық сатыларында сапа бойынша жаңа талаптар белгіленуі қажет. Орта білім саласында жайлы мектептер дамуға ықпал ететін «негізгі стандарт» болуы тиіс. Басқа мектептерді олардың деңгейіне бейімдеп, реновациялау қажет. Ал жоғары білім беруге келетін болсақ, ұлттық жоғары оқу орындарымыз бен жетекші шетелдік университеттердің филиалдары батып беріп отыруға тиіс.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу