ҚР Үкіметінің отырысы, 08.10.2024

8 қазан күні Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Қазақстан Үкіметі отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов жылу беру маусымын қалыпты деңгейде өткізіп, жоспарланған барлық параметрлерді сақтай білу маңызды екенін жеткізді. Премьер-Министр халықты қолжетімді көмірмен қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Өңір әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрліктерімен бірлесіп, коммуналдық және тұрмыстық көмірді жеткізу бойынша барлық мәселелерді шешу тапсырылды. Көмірді вагондармен тасымалдауға басымдық беру қажет. Олжас Бектенов тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындықтар болмауы керек екенін атап өтті.

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде жылу беру маусымының басталуына байланысты ағымдағы жағдай қаралды. Инженерлік желілер мен жылу автономды жылу энергия көздерінің дайындығы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде көмір жоспарының 93%-ы, мазуттың 99%-ы және дизель отынының 90%-ы дайындалды. Білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй нысандары жылу беру маусымына 100% дайын.

  • Үкімет отырысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның алдағы жылу беру маусымына дайындығы қаралды. Еліміздің энергетика және коммуналдық шаруашылығы саласындағы инфрақұрылым мәселелерін шешу – Президент Жолдауында айтылған негізгі бағыттардың бірі. Осыған орай, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасап, қазіргі атқарылып жатқан жұмыс туралы мәлімет берді.

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қорын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы қаралды. Олжас бектенов орман өнеркәсібі саласына әлеуетті инвесторлар тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Отырыс барысында Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге, әсіресе бюджеттен тыс қаражатты тарта отырып, орман мекемелері үшін қажетті жабдықтар мен техника сатып алуды қаржыландыру шараларын жалғастыру тапсырылды.

  • Кейінгі жылдары қолға алынған шаралардың арқасында еліміздің орманды аумағының көлемі 5%-ға дейін артып, 267 мың гектарға ұлғайған. Орманды сақтап қалу мақсатында орман қорғау мекемелерін өртке қарсы техникамен жабдықтау, орман шаруашылығындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау (тәуекелдер үшін 100% үстемақы төлемі) бойынша бірқатар шара қабылданды. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады. Министрлік тарапынан офсетті жобаларды мемлекеттік орман қоры аумағында іске асыру мүмкіндігін қарастыру бойынша заңнамаға түзетулер әзірленіп, Парламент Мәжілісіне қарауға енгізілді. Бұл инвесторлардың қаражаты есебінен ағаш отырғызу жұмысына жаңа қарқын береді. Тағы да бір маңызды мәселе – Аралдың суы тартылған жерлерінде орман мелиорациясы жұмыстарын жүргізу.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу