ҚР Үкіметінің отырысы, 11.06.2024

11 маусымда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысы қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қазіргі жағдай туралы баяндады.

  • Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысындағы жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы деп баға берді, онда 53 отбасына жаңа үйдің кілті табысталды. Бұл ретте Премьер-Министр басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала-алмай отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Олжас Бектенов мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайтынын, бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды екенін айтты.

  • Сонымен қатар Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз баяндама жасады. Бірқатар өңір әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

  • Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қалаларында сумен жабдықтау қызметтері 98,9% қолжетімді болды, ауылдық елді мекендердің тұрғындары 96,6%-ға ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте 9 өңірдің қала халқы 100% қамтылған, ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады. Үкімет басшысы 2025 жылдың соңына қарай халық 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек екенін айтты.

  • Үкіметтің қаулысымен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжатты министр Ақмарал Әлназарова ұсынды. 

  • Үкімет басшысы Олжас Бектенов денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға кешенді көзқарас қажет екенін атап өтті. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, медициналық мекемелердің құрылысына арналған орындарды анықтау процесі ұзақ мерзімді болжамдар мен халықтың әртүрлі көмек түрлеріне қажеттіліктерін ескере отырып қайта қаралатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша денсаулық сақтау объектілерінің тозу дәрежесін 30%-ға дейін төмендету, жарақтандыруды 88%-ға дейін ұлғайту және нормативтерге сәйкес медицина кадрларымен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу