20 Тамыз 2024, 15:05
20 тамызда Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс жаңа маймыл шешегі вирусы мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев бүгінгі таңда Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты. Үкімет басшысы әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін, алайда тоқмейілсуге болмайтынын атап өтті.
Сонымен қатар Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Жылу көздерін, инженерлік желілерді, әлеуметтік сала нысандарын дайындау және отын жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Сондай-ақ бірқатар облыс әкімінің баяндамасы тыңдалды.
Үкімет басшысы жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалғанын еске салды. Олжас Бектенов жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру әдеті жұмыстың дұрыс жоспарланбағанын көрсететінін баса айтты.
Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры нысандарының әзір болуын қамтамасыз етуі тиіс. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктеріне де бұл мәселені бақылауға алу тапсырылды.
Осы жылыту маусымына дайындық барысын дұрыс ұйымдастыру мен үйлестіру мақсатында Үкімет басшысы Роман Васильевич Склярдың басшылығымен жедел штаб құру міндетін қойды.
Сондай-ақ Премьер-Министр энергетика объектілері мен халықты отынмен қамтамасыз ету мәселесіне жауапты министрліктер мен әкімдіктердің назарын аударды. Үкімет басшысы конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты стансаларда отын қорын қамтамасыз ету мәселелері бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, мазутты бөлу тек 15 тамызда басталды. Логистиканы, қауырт жұмыс барысында туындайтын цистерна мен вагон тапшылығын және басқа да мәселелерді ескеретін болсақ, мазут пен көмір қоры уақтылы дайындалады дегенге сену қиын, деп атап өтті Олжас Бектенов. Бұл ретте Үкіметте көмір тасымалдауда дүрбелең туғызбай, вагондар тапшылығын болдырмау үшін шарттарды ерте жасасу, жеткізу кестелерін бекіту қажеттігі бірнеше рет талқыланды.
Өнеркәсіп және құрылыс, көлік министрліктеріне көмір мен мазут жеткізу бойынша Қазақстан темір жолының және өңірлердің міндеттемелерін орындау мәселелерін қатаң бақылауда ұстау тапсырылды. Көлік министрлігі, Қазақстан темір жолы және өңірлердің әкімдіктері бекітілген кестеге сәйкес коммуналдық-тұрмыстық көмір мен мазут көлемін уақытылы жеткізу бойынша шаралар қабылдауы тиіс.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу