21 Мамыр 2024, 21:08
21 мамырда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері қаралды. Үкімет отырысында аталған бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады.
2023 жылдың қорытындысына сәйкес, шикізаттық емес экспорт бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізілді және 3%-ға асыра орындалды. Экспорттық позициялардың саны 278-ге артты. 2019 жылдан бері тұрақты белсенді экспорттаушылар саны 300 компанияға: 460-тан 760-қа дейін өсті.
Өткен жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорт географиясы 135 елге дейін кеңейді. Азия елдеріне дайын өнімдерді жеткізу көлемі артты: Қытайға – 8%, Оңтүстік Кореяға – 26%, Вьетнамға – 46%. Сонымен қатар АӨК өңделген өнімдерін жеткізудің нақты көлемі: ұн 1,1%-ға, күнбағыс майы 55,5%-дан астам, сусындар 42,8%-ға өсті.
Сауда министрлігі экспортты одан әрі арттыру үшін негізгі бағыттарды анықтады. Ең алдымен, орта мерзімді перспективада Қытайға жіберілетін дайын өнім экспортын 2,5 есеге кеңейту және $12,5 млрд-қа дейін жеткізу мақсаты қойылды.
Премьер-Министр экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға Консультациялық қызметтер көрсету, ақпараттық сүйемелдеу және жаңа нарықтарға шығуға көмек көрсету арқылы экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдауды күшейтудің маңызды екенін атап өтті. Отандық өнімді өткізу нарығын кеңейту және оны шетелде экспортты барынша тиімді ұсына білу қажеттілігі атап өтілді.
Үкімет басшысы мәселені қарау қорытындысына сәйкес, мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы мәселе қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Саясат Нұрбек, туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.
Биылғы оқу жылын 3,8 млн бала аяқтағалы отыр. 186 мың оқушыға соңғы қоңырау соғылады. 7,7 мың түлек «Алтын белгі» белгісіне үміткер.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының 3,5 мыңнан астам оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылады. Қорытынды баға жылдық негізінде қойылады.
Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен және қыста ауа райының қолайсыздығына байланысты қашықтан оқыған 2,6 мың мектептің 832 мың оқушысы үшін «Жазғы мектеп» ұйымдастырылады. Бұл білім берудегі олқылықтардың орнын толтыру үшін жасалады.
Балалардың жазғы демалысы 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары шеңберінде ұйымдастырылады. Республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Жазғы демалысты ұйымдастыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер дайындалды. 2,9 млн кішкентай қазақстандық жазғы демалысты 10,7 мың демалыс орталығында өткізеді.
Балаларды үйірмелермен қамту және бос уақыты мен жазғы демалысын ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы бірқатар облыстың әкімдері баяндады.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр аралық және қорытынды емтихандарын, ҰБТ-ны сапалы ұйымдастыруды қамтамасыз ету, балалардың толыққанды демалуына, сауығуына және олардың жаңа білім алуына барлық жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Негізгі басымдық – балалардың қауіпсіздігі.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу