ҚР Үкіметінің отырысы, 23.07.2024

23 шілдеде Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Үкіметте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту бойынша қойған міндеттерінің орындалуы туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Өңірлердегі жағдай бойынша бірқатар облыстардың әкімдері есеп берді.

  • Жалпы, Ұлттық жобада іске асырудың барлық кезеңінде 655 МСАК нысанының құрылысы қарастырылған. Сондай-ақ 32 орталық аудандық аурухананы жаңғырту көзделуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 99 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынды. Биылға 556 медициналық және фельдшерлік пункттер, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 322 нысанда басталып, 3 нысанда аяқталды.

  • Үкімет басшысы Ұлттық жобаны іске асыруға 60,3 млрд теңге бөлінгенін, оның 21 млрд теңгеден астамы өңірлерге берілгенін атап өтті. Қалған объектілерді қаржыландыру қосымша пысықталуда — осы мәселені шешуді жеделдету үшін бейінді ведомстволарға тиісті тапсырма берілді. 

  • Денсаулық сақтау министрлігінің алдына объектілерге олар аяқталғанға дейін тұрақты түрде барып, құрылыс барысына мониторинг жүргізу міндеті қойылды.

  • Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен бірқатар облыс әкімі баяндады.

  • Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың 6 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға артып, 1,6 трлн теңгені құрады. Мал шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі (НКИ) 103,5%, өсімдік шаруашылығының НКИ 103% құрады.

  • Үкімет жұмысының маңызды бағыты – 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасының сапалы әрі уақтылы орындалуы. Мұнда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру көзделген. Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, Жол картасының индикаторларына қол жеткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды.

  • Басым инвестициялық жобалардың іске асырылуын сапалы мониторингтеу мен бақылаудың маңыздылығы атап өтілді. Минералды тыңайтқыштарды қолданудың жыл сайынғы деңгейін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу қажет. Диқандарды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтуды, оның ішінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қамтуды 100%-ға дейін жеткізу қажет.

  • Егін жинау кезеңіне дайындық шеңберінде облыс әкімдіктеріне егін орағы басталғанға дейін астық қабылдау кәсіпорындарының жаңа өнімді қабылдауға толық дайындығын қамтамасыз ету және АҚК үздіксіз жұмысын ұйымдастыру тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу