ҚР Үкіметінің отырысы, 30.07.2024

30 шілдеде Үкімет үйінде Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан жолдарындағы қауіпсіздік мәселелері қаралды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен көлік министрі Марат Қарабаев өз саласы бойынша,  ал, бірқатар облыс әкімдері өңірлердегі ағымдағы ахуал туралы баяндама жасады.

  • Премьер-Министр аяқталмаған нысандарды реттеуді қамтамасыз етуді, камералар санын көбейтуді және байланыспен қамту қарқынын жақсартуды тапсырды. Үкімет басшысы салынып жатқан автожолдардың аяқталмаған учаскелерінде жол белгілері мен ақпарат қалқандары, уақытша жол таңбаларының болмауы мәселесіне назар аударды. Ескерту белгілері дұрыс орнатылмай, жүргізуші оларды байқамай қалатыны, мұның соңы жол апаттарына алып келетіні атап өтілді. 

  • Үкімет отырысында Олжас Бектенов автокөліктің техникалық жай-күйі жол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін баса айтты. Жыл сайын еліміздегі автопарк саны өсіп келеді. Ал, автокөліктерді техникалық тексеру сапасыз жүргізіледі. Техникалық қызмет көрсету орталықтары бас пайдасын ғана ойлап, жұмыс істейді. Жол үстіндегі қауіпсіздік және адамдардың өмірін сақтау мәселесі жекелеген тұлғалардың мүддесінен биік тұруға тиіс. Көлік министрлігіне көлік құралдарына техникалық тексеру жүргізу сапасын тиімді бақылау тетігін әзірлеу тапсырылды.

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт қаупі басым кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жалпы елдегі жағдай туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, табиғи өрттерге қарсы әрекет ету мәселесі бойынша төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндады. Сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері тыңдалды.

  • Үкімет басшысы пилотсыз ұшатын аппараттарды кеңінен пайдалану ормандар мен даланы әуеден толыққанды тексеріп-қарауға мүмкіндік беретінін, экономиканың түрлі салаларында пайдалану үшін пилотсыз ұшатын аппараттардың әлеуеті зор екенін баса айтты. Сонымен қатар смарт жүйелерді қолданудың тиімділігі, өрт ошақтарын уақтылы анықтау үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану қажет екені атап өтілді.

  • Отырыс барысында трансшекаралық өрт мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда шекара маңындағы аумақтарда өрт тіркелмеген, дегенмен ықтимал тәуекелдер жоққа шығарылмайды. Жедел ден қою үшін күштер мен құралдардың тұрақты дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ бірқатар өңірде отын қорымен қамтамасыз ету, қураған өсімдіктер мен қоқыстардан тазарту жұмысы әлі толық аяқталған жоқ. Үкімет басшысы әкімдерге бұл жұмысты жандандыруды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу