17 Мамыр 2024, 18:54
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова «Қазақстанда зияткерлік меншікті дамыту: тәжірибе және басымдықтар» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
Әділет министрлігі қызметі бағыттарының бірі – зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау мәселелері. Елімізде зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін жағдай жасауға, оның ішінде зияткерлік меншікті құқықтық тәсілдермен қорғауға баса назар аударылды. Себебі, зияткерлік меншік – заманауи мемлекеттің экономикалық дамуындағы маңызды сала.
Заңнаманы жетілдіру туралы айтатын болсақ, Әділет министрлігі Зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын әзірледі. Үкіметтің 26 сәуірдегі № 334 қаулысымен осы Заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілді.
Жобада зияткерлік меншік құқықтарын сақтау, қорғау, зияткерлік меншікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту көзделген.
Заң жобасында мынадай түзетулер көзделген:
авторлардың және өзге де құқық иеленушілердің құқықтарын нақтылау (ретрансляция бойынша);
көру қабілеті нашарлаған адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында авторлар құқықтарына шектеулерді толықтыру (тарату, жалпыға бірдей жария ету, көпшілік алдында орындау);
қызмет алушылардың өтінімдері бойынша тауар белгілерін жедел тіркеуді енгізу;
патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызмет салаларын саралау және тиісті салалар бойынша патенттік сенім білдірілген өкілдерді аттестаттаудан өткізу (даралау құралдары және өнертабыстар, пайдалы моделдер, өнеркәсіп үлгілері, селекциялық жетістіктер, интегралды микросхемалар топологиялары бойынша) және т.б.
«15 мамырда зияткерлік меншік бойынша кадрлар даярлау саласында маңызды оқиға болды. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ), Әділет, ғылым және жоғары білім министрліктері мен Maqsut Narikbayev University арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды», — деп мәлімдеді вице-министр.
Қазақстанда Зияткерлік меншік және бизнес құқық саласында құқық магистрі (LL.M) бірлескен бағдарлама іске қосылды.
Бүгінде құқық магистрінің бірлескен бағдарламасын іске қосу бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Бұл – студенттер үшін зияткерлік меншік саласындағы құқықтық реттеудің күрделі мәселелерін зерделеудің, сондай-ақ бизнестің құқықтық жүйемен өзара іс-қимылы қыр-сырын түсінудің бірегей мүмкіндігі. Аталған бағдарлама инновацияны дамыту үшін аса маңызды сала – зияткерлік меншікте білікті кадрларды даярлауға ықпал ететін болады.
«Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйек айында біз Марракеш келісімінің ережелерін талқылау бойынша халықаралық семинар өткіздік. Бұл Зағиптар мен көру қабілеті бұзылған адамдардың жарияланған туындыларға баспа ақпаратын қабылдауға қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік келісім. Жарияланған туындыларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Әділет министрлігі Марракеш шартын ратификациялау туралы заң жобасын әзірледі. Бүгінгі таңда Заң жобасы Үкімет аппаратына енгізілді», — деді спикер.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен ынтымақтастық шеңберінде 2021 жылдан бастап Қазақстанда технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) ашылуда. Қазіргі уақытта ТИҚО ұлттық желісінде 32 орталық бар. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен бірлесіп соңғы екі жылда елімізде ДЗМҰ жазғы мектебі өткізілді. Биыл жазғы мектепті маусым айында өткізу жоспарлануда. Әділет министрлгі барлық мүдделі тұлғаларды ДЗМҰ жазғы мектебінде оқуға шақырып отыр.
2022 жылғы 20 маусымдағы Заңмен Қазақстан Республикасында «географиялық нұсқама» (бұдан әрі – ГН) зияткерлік меншіктің жаңа объектісі енгізілгенін атап өту қажет. Географиялық нұсқама олардың өндірілген жеріне байланысты белгілі бір сападағы тауарларды ажыратуға арналған. Өткен жылы бес географиялық нұсқаманы тіркеу жүзеге асырылды. Биыл бір географиялық нұсқама (Сайрам кекс) тіркелді.
«2024 жылғы қаңтар-сәуір айларында тауар белгілерін, халықаралық тіркеуді қоса алғанда, өнеркәсіптік меншік нысандарына берілген қорғау құжаттарының саны 4 678-ді құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 24%-ға артық», — деді Ботагөз Жақселекова.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, құқық иеленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында әділет органдары зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылданған. Аумақтық әділет органдары құқық иеленушілердің өтініштері негізінде Қазақстанда қорғалатын тауар белгілерін пайдалану мәніне биылғы бірінші тоқсанда жоспардан тыс 55 тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде 51 құқық бұзушылық анықталды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБК) 158-бабы бойынша 52 іс қозғалып, әкімшілік жауапкершілікке 41 адам тартылды (11 іс сот қарауында). Сотпен тоқтатылған істер жоқ. Мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 3 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Заңсыз айналымнан жалпы 22 млн теңгеден астам соммаға 81 мыңнан астам контрафактілік өнім алынған. Тексеру шеңберінде «Chanel», «Apple», «ZEPTER», «Levi`s», «Louis Vuitton», «LEGO», «PUMA», «TOYOTA», «LEXUS», «Наурыз», «Ассам», «Prachka» сияқты және т.б. белгілі тауар таңбалары иелерінің құқықтары қорғалды.
Қазақстан Жаһандық инновациялық индекс рейтингінде өз позициясын бір жыл ішінде 83-ші орыннан (2022 ж.), 81-ші орынға (2023 ж.) көтерді. Бұл ретте Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің тобында Қазақстан Үндістан мен Ираннан кейін 3-ші орында тұр.
Биылғы мамыр айынан бастап «патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметімен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау» мемлекеттік қызметін жетілдіру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.
Осылайша, аттестаттауды өткізу кезеңі қайта қаралды, тестілеуді тапсырудың аумақтық мүмкіндігі кеңейтілді және аттестатталатын орган мүшелерінің қатысу қажеттілігі алынып тасталды.
#ҚР Әділет министрлігі«Жаңа тәртіп Қазақстанның 3 қаласында: Астана, Шымкент, Түркістанда алқалы органның қатысуынсыз тестілеуден өтуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Қазақстанның барлық аумағы бойынша тестілеуді тапсыру мүмкіндігі қарастырылуда және осы ұсыныстар белгіленген тәртіппен келісу сатысында тұр», — деп түйіндеді сөзін Ботагөз Жақселекова.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу